384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында қыс мезгіліне қажетті көліктің 54%-і ғана дайын

  • 218
  • UPD: 08:57, 14.11.2019

Ауа райының күрт өзгеруі жол тазалығына жауапты ақтөбелік мердігер мекеменің әлсіз дайындығын көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан қараша айының басында соққан бораннан қар құрсауында қалған жүздеген жолаушыға қажетті көмек кешігіп жеткен.

Жағдайдың себеп-салдарын талқылаған облыс басшылығы тиісті органдарға нақты тапсырма берді. Әсіресе, «Қазақавтожол» мекемесіне арнайы техникалардың санын аз уақытта арттыру міндеттелді.

Он күн бұрын соққан қыстың алғашқы бораны республикалық маңызға ие «Самара-Шымкент» тас жолының жабылуына әкеп соқты. Қар құрсауында қалған екі жүзден астам адам мен ондаған техниканы құтқару тек төрт күннен кейін ғана мүмкін болды. Оған дейін жолаушылар жылыту пункттері мен кемпинг, дәмханаларды паналаған еді. Қар тазалағыш арнайы техникалар мен әр ауданнан көмек қолы тартылғанымен, жолға жауапты бас мердігердің ісінен кемшілік анықталған.

Құмар Тұрмағамбетов, ТЖД басқарма бастығының орынбасары:

- Мердігер мекеме – «Қазақавтожол» мекемесінің техниканың жетіспейтіні анықталып отыр. Ол маңызды, қауіпті учаскелерді белгілеп, сол жерге осы мердігер мекемесі тралл болсын, бульдозер болсын, шнекоротор болсын, осы техника бірліктерінің бәрін келісімшартқа отырып, осы учаскелерге қоюы қажет.

Жол тазалауға қажетті техниканың аздығын «Қазақавтожол» мекемесінің қызметкерлері де мойындайды. Бұл мәселеге біраз жылдың жүзі болған. Қазір қолдағы жұмысқа жарақты техниканың саны – 79. Бұл қыс мезгіліне қажетті көліктің 54%-і ғана. Норматив бойынша 146 арнайы техника болуы керек. Сондықтан да жылдағы әдетке сай биылғы маусымда да қосымша техникаларды өзгелерден жалға алуға туралы келеді. Әзірге үш компаниямен келісім жасалған.

Марат Тіленбаев, «Қазақавтожол» ЖШС АОФ бас инженері:

- Бұдан басқа, тағы да он шақты техникаға келісімшартқа отырып жатырмыз. Бізге осындай ауыр техникалар кедергі келтіруде. Жүк тиегіш, автогрейдер, сосын КДМ деген машина бар құм шашып, тасып жүретін. Сосын жүк тартқыштар. Сондай техникаларға тапсырыс беріп, келісімшартқа отырдық.

Бес бірдей бағыт бойынша республикалық тас жолдарға жауапты мердігер мекеме техника паркін бір апта ішінде толықтыруы тиіс. Бұл облыс басшылығының ұйым алдына қойған басты тапсырмасы.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Жол мекемелерінің қыс мезгілініне дайындығын арнайы құрылған комиссия өкілдері тексеретін болады. Алғашқы бақылау жұмысы осы аптаның соңында жүргізілмек. Негізгі мақсат – сапарлаған жолаушылар мен көліктер қозғалысын үздіксіз қамтамасыз ету. Ал, ауа райын болжаушы мамандар биылғы өңірде қыстың қатал болатынын ескертуде.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы