384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскемендегі шағын аудандар проблемасы шешімін таппай келеді

  • 216
  • UPD: 22:42, 14.11.2019

Өскеменнің маңайындағы шағын аудандардың проблемасы шаш-етектен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарық пен су тапшылығы, автобустың қатынауы мен жол сапасы жұртты әбден қажытқан.

Бала-шағаның қамы үшін облыс орталығына көшіп келгендердің дені шалғайдағы ауылда тұрғанда да мұндай сұмдықты көрмеп едік деп қынжылады. Ал әкімдік шаһардағы қордаланған мәселенің қатарын бір бума қағазға сыйғызыпты. Енді іске кірісеміз деп құлшынып отыр.

Рахымжан Қошқарбаев көшесі. Әрбір үш үй бірігіп  кезек-кезек қозғалтқыш қосуды міндеттеріне алған. Сөйтіп электр қуатының игілігін көріп отыр. Қаланың дәл іргесіндегі тұрғындар 5-7 жылдан бері осылай амалдап келеді.

Төкен Баймолдин, қала тұрғыны:

– Әкімдік өкілдері түгел болады дейді, болады боладымен әлі келе жатырмыз. Президентке айтарым мына шенеуніктерді жұмысқа қоярда тым құрығанда бір жеті қараңғы жерде,светсіз жерде ұстап көрсе, сонда халыққа жаны ашыр еді, шындығы.

Бір қызығы маңайдың бәрінде электр бағандары толып тұр. Сондықтан «көз алдымызда тұрған желіге қолымыз жетпей жүр», – дейді мұндағы тұрғындар.

Гүлсім Мусина, қала тұрғыны:

– Бағаналар көп, барлығы міне қол созым жерде, 21-ғасырда осылай өмір сүріп жүрміз, барар жер, басар тауымыз болмаған соң.

Қалаға қатынау да қиын. Қара халық қоғамдық көлікке зәру. Жолды ми батпақ басып, маңайда қаңғыбас иттер қаптап кеткен. Бұл проблема шаһардағы шағынаудандардың басым көпшілігіне ортақ. 22-ші, 23-ші аудандар мен қоса Ахмер, Меновное ауылдарында да коммуналдық мәселе шаш етектен. Әкімдік соның барлығын бір бума қағазға тізіп шыққан. Оған қала бойынша 350 проблема еніпті. Соның 30 пайызы қала шетіндегі ауылдарға тиесілі.

Ержан Ибраев, қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:

– Тізімдегі мәселелер коммуналдық шаруашылыққа, транспорттық инженерлік инфрақұрылымға байланысты. Қазір осылардың барлығына сметалық есептеулер жүргізіп жатырмыз. Содан соң бюджеттік өтінім жіберіліп, келесі жылы нақты жұмыстар басталуы керек. Жоғарыдағы аталған аудандар да соның ішінде бар.

Өткен жылы да осындай тізім жасалып қаладан жалпы 102 сұрақ жиналыпты. «Оның 80 пайызы оң шешімін тапты», – дейді мамандар. Алайда бұдан тағы да шеткері аудандар шет қалған сыңайлы. Сондықтан қала түбіндегі халық жауапты сала басшыларының сөзден іске көшуін сұрайды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов.

Хабар 24 телеарнасы