384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығына мамандар жетіспейді

  • 300
  • UPD: 17:49, 17.11.2019

Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы саласының мамандары тапшы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірге 400-ден астам бағбан мен зоотехник, механизатор мен мал дәрігері қажет. Шаруа қожалықтарының иелері жыл бойы білікті мамандарды іздеп әлек. Мәселе жақын арада шешімін таппаса, мал шаруашылығы тұралап қалуы әбден мүмкін

Ангус аталатын асыл тұқымды ірі-қараны өріске жайып жүрген бақташының есімі Евгений Тю. Әдетте бақша егіп, көкөністен мол өнім алатын азаматтың жылқы мініп, төрт-түлікке бет бұрғаны оғаш естіледі. «Бірақ соңғы бір жарым жылда ат ерттеп, сиыр қайыруға әбден төселіп алдым», дейді. 

Евгений Тю, бақташы:

– Жұмысты айтарлықтай ауыр деп айта алмаймын. Жалпы оңай жұмыс жоқ қой. Бастысы мақсат қойып, ынталанып еңбек ету керек. Барлығына да үйренуге болады.

Бұл еліміздегі мал шаруашылығының бүгінгі жайы. Білікті жылқышылар мен жүз бас қойдан бір жарым есе қозы алатын қойшыларды табу мұң. Тұрмысын қаланың деңгейіне жеткізсе де жайлауға көшуге әзір жандардың қарасы жоқ.

Тоқаш Хайруллиннің қазір 300-ге жуық ірі-қарасы бар. Асыл тұқымды сиыр санын көбейту басты мақсаты. «Алайда тұрақты бақташының жоқтығы кәдімгідей қолбайлау», – дейді. Маусымында шөп шауып, малдың қысқы азағын даярлайтын механизаторлар да таптырмайды. Ауылдағы азаматтардың дені техника тілін түсіне бермейді.

Тоқаш Хайруллин, шаруа қожалығының иесі:

– Мектепте механизацияны өткізу керек. Баяғыда біздер мектепте механизацияны өттік қой. Мектеп бітіргенде трактористің куәлігін алып шықтық. Ал қазір мектепте ондай жоқ қой. Қазір балалардың барлығы жоғары оқу орнына кетеді. Келгісі келмейді.

Облыста зоотехниктер мен агроном, механизаторлар мен ветеринар мамандарды даярлайтын жалғыз ғана оқу орны бар. Жоғары ауыл шаруашылығы колледжін жылына 400-ге дейін түлек бітіріп шығады. Алайда мамандығы бойынша жұмысқа орналасатындар саны тек 20 процентті құрайды. Білім ордасы түрлі шаралар өткізгенімен, ауылға барып еңбек ететін жас мамандар қатары сирек.

Нұрболат Құлшаров, Ақтөбе жоғары ауыл шаруашылығы колледжі директорының орынбасары:

– Биыл біздер колледжімізде осы мамандықтар бойынша жәрмеңке ұйымдастырғанбыз. Диплом алар кезде аудандардағы барлық ауыл шаруашылығы бөліміне хабар бердік. Сол кезде біздің 20-ның үстінде балаға, басшылар өздері келіп, тілдесіп, содан кейін жұмысқа тұрып кетті.

Қалғандары болса дипломын далаға тастап, басқа мамандықты игеруге бет бұрады. Бұл ауыл шаруашылығы саласының ақсауына тағы бір себеп. Қазір облыстың шаруа қожалықтарына 400-ден астам маман қажет. Бұл мәселенің шешімін мектеп жасынан бастау қажеттігін Мирболат Ақдаутов та айтып отыр. Еуропа мен Американың шаруа қожалықтарында тәжірибеден өткен кәсіпкер мұхиттың ар жағындағы үрдіспен бөлісті.

Мирболат Ақдаутов, кәсіпкер:

– Мектеп оқушылары тиелген сары түсті жүзеген автобус шаруа қожалықтарына экскурсияға келеді. Балаларды төрт-түлік малмен таныстырады. Өндіріс процесі көрсетіледі. Кішкентай күнінен жануарларға жақын болуды үйретеді. Сол жүздеген баланың бір бөлігі болашақта ауыл шаруашылығына бет бұратындығы анық.

Шаруа қожалықтарын автоматтандыру арқылы кәрі құрлық пен Америка елдерінде біраз қиындықты артта қалдырған. Бірақ өндірістегі білікті мамандарды біржола ауыстыра салу мүмкін емес. Сондықтан елімізде белең алған мәселені бүгіннен қалдырмай шешу қажет. Себебі сарапшының сөзіне қарағанда ауыл шаруашылығы мамандарының тапшылығы болашақта ел экономикасына айтарлықтай соққы болуы мүмкін.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков.

Хабар 24 телеарнасы