418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Медициналық сақтандыру студенттер мен балалар үшін тегін болады

  • 666
  • UPD: 14:21, 19.11.2019

Келер жылдың басынан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде медициналық қызмет көрсетудің екінші пакеті пайда болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның кепілді тегін медициналық көмектен айырмашылығы бар. Яғни, қаржы жалақыдан бөлінетін міндетті 5 пайыздық жарнадан жинақталады. Бұл ретте балалар мен студенттер медициналық қызмет түрлерін тегін алуға құқылы.

Елжан Біртанов, ҚР денсаулық сақтау министрі:

– Бізде балалар мен студенттер, тіпті олар шетелде оқып жатса да мемлекеттен сақтандырылады. Елімізде 18 жасқа толғанша әр бала, әр студент үшін ай сайын орташа жалақы есебінен медициналық сақтандыру қорына бес проценттік жарна төленеді. Бір жағынан, аталған қаржы қорда жинақталады. Екінші жағынан міндетті әлеуметтік медициналық қызмет түрлерімен барлық бала қамтамасыз етіледі.

Павлодарға келген сапарында денсаулық сақтау министрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың екінші пакетінде жоғары дәрежелі дәрігерлік көмектің көрсетілетінін жеткізді. Елжан Біртановтың айтуынша, 2020 жылы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлемі 50 процентке артады. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш екі есеге ұлғаяды. Демек, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы артып, заманауи құрылғыларды алуға мүмкіндік туады. Ал қорды толтыруға мемлекет тарапынан да көмек болады. Әсіресе кепілді медициналық қызметтер арқылы қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды тегін емдеу ісі жетілдіріледі деп күтіліп отыр.

Ардақ Күзеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Тұрғындар үшін медициналық қызметтің көптеген түрлері қолжетімді болады. Диагностика, функционалды зерттеулер, мамандардың кеңесі. Бүгінде тұрғындар дәрігерлік тексеруден өту үшін 40 процентке дейін қаржыны өз қалтасынан төлейді. Бұл – айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Шет мемлекеттерде ол 10-20 проценттен аспайды. Сондықтан да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу осы шығындарды азайтады деп ойлаймыз. Әзірге медициналық сақтандырудың баламасы жоқ.

Хабар 24 телеарнасы