377,29 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шығысқазақстандық жастар «Цифрлық Шығыс-2019» форумына қатысты

  • 270
  • UPD: 14:12, 23.11.2019

Миллионер болу үшін не істеу керек? Шығыс Қазақстан облысының оқушылары мен студенттері бұл сұрақтың жауабын біледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың идеялары қаржы көзіне айналып үлгерді. ІТ-саласының шарапатын көрген жастар «Цифрлық Шығыс-2019» форумына қатысты. Үздік жобалар гранттарға ие болды. Енді программистер әзірге қағаз жүзіндегі жобаларын іске асырмақ.

Семейлік Денис Сукачев 15 жаста. 9-сынып оқушысы екі бірдей бірегей жобаның авторы. Алғашқысы – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пернетақта. Құрылғы ыңғайлы әрі кез келген нұсқауды оңай орындайды.

Пернетақта жасау идеясы Денис қолын сындырып алған кезде пайда болыпты. Осылайша, уақытша мәселені оп-оңай шешкен. Жеткіншектің екінші жобасы да тұрмысты жақсартуға арналған. Жас өнертапқыш өзі оқитын мектеп үшін «ақылды» қазандық жасауды ұйғарыпты. Бұл жобалары үшін оқушы 1,5 млн теңгенің грантын ұтып алды.

Денис Сукачев, оқушы:

- Бұл қазандық автономды режимде жұмыс істейді. Жылыту жүйесінің жұмысын күн сайын қашықтықтан бақылауға болады. Мәселен, демалыс күндері қазандыққа барудың қажеті жоқ. Оның жұмысын қарапайым телефон арқылы қадағалаймыз. Параметрлерін де өзгерте аламыз.

Жезкент ауылынан келген Ирина Сальникова жобасын еңбек сабағында әзірлепті. Оқушы ұстаханадағы шаңнан арылу үшін ауаны тазартқыш құралын ойлап тапқан. Бұл сүзгі зауытта шығарылған үлгілерден әлдеқайда арзан.

Ирина Сальникова, оқушы:

- Тазартқыштың құрылымы қарапайым. Сүзгі мен кулерден жасалған. Сүзгіні жеңіл көліктен алдым. Құрал ауаны тазартумен қатар ылғалдандырады. Оның да құрылымы қарапайым. Контейнер, ескі дискілер мен айналатын біліктен тұрады.

Ал бұл жастар мемлекеттік техникалық университетте білім алады. Олар IT-Хакатон байқауында бақтарын сынауда. Конкурс талабы бойынша болашақ IT-мамандар аз уақыттың ішінде жаңа өнім шығару керек. Осы жолы студенттерге спорт бағытындағы білім беру порталын жасау міндеттелді.

Зоя Новолодская, Қазылар алқасының мүшесі:

- Осы тектес байқауларды тұрақты өткізу керек. Ол үшін мүмкіндіктер бар. Алдағы уақытта бұл форматты қолданбалы байқауларда қолдануға болады. Жастар үшін білімдерін сынап, тәжірибе жинақтауға жол ашылады.

Бауыржан Сырым, Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің студенті:

- Олар жоба әзірлеу бойынша тәжірибемізді молайтуға көмектеседі. Қиын жағдайда шешім табуға көмектеседі. Сонымен қатар аз уақыт ішінде пайдалы жұмыс атқаруға да үлес қосады.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар анықталды. Осы жолы Бауыржан Сырымның жобасы байқаудың үздік жобасы атанды. Бас жүлде – 2 млн теңге. Енді жоба іске асырылып, тиімділігін көрсетпек.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Әнель Есенбердина, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы