426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекеттік бағдарлама қостанайлық кәсіпкерлерге ісін дамытуға мүмкіндік берді

  • 613
  • UPD: 23:19, 23.11.2019

Биыл қолға алынған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша кәсіпорындарға қолжетімді несие беріле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қостанай облысында оған қатысуға өндіріс орындарынан 80-ге жуық өтініш келіп түскен. Соның бүгінде 16-сы қаржылай қолдауға ие болды.

Ағайынды Қайрат және Азамат Игіліковтер он шақты жыл бұрын жиһаз бөліктерін шығаратын өндіріс орнын ашқан болатын. Қазіргі таңда замануи технологиямен жабдықталған кәсіпорынның өнімдері Қазақстан бойынша үлкен сұранысқа ие. Ағаш тақталарды кесіп, бояп, өрнектейтін жеке желілердің барлығы автоматтандырылған. Жақында олардың қатары «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша тағы бір жаңа қондырғымен толықты.

Беслан Тыныштықов, өндірістік бақылау операторы:

– Жаңадан алған станок. Енді ғана үйреніп жаптырмыз. Жаңа станок бірнеше функцияны атқарады. Бұрын қолмен картон кесетінбіз. Енді өлшемін бәрін саламыз, өзі кеседі, дайын ғып шығарады.

Азамат Игіліков, кәсіпорын басшысы:

– Осы бағдарлама, жеңілдікпен берілген несиенің арқасында жаңа желіні іске қостық. Біздікі сияқты өндірісті дамытуға мемлекеттік қолдаудың септігі мол. Жаңа технологиялармен жаңғыртып отырмасақ, ішкі нарықта көршілес елдермен бәсекелестікке түсу қиынға соғады.

Айтса айтқандай-ақ, Қазақстанға өндірістік тауарлардың, яғни киім-кешектің, құрылысқа қажетті материалдардың, түрлі жиһаздардың 82 проценті шетелдерден әкелінеді. Үкімет қаулысымен бекітілген «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының көздеген мақсаты сол, ішкі нарықта отандық өнімнің үлесін арттыру. Банктік үстемеақысының 7-10 проценті субсидияланатын бұл жеңілдетілген несиені алудың да өзіндік шарт-талаптары бар.

Роберт Юсупов, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Бұл бағдарлама бірінші кезекте инвестициялық мақсатқа бағытталған. Бірақ өкінішке қарай, кәсіпорындардың басым бөлігінің инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндіктері жоқ. Олар алдымен өндірістің тиімділігін сақтап қалу үшін шикізат қорын жасап алуға, басқа да күнделікті қажеттіліктерін жабуға жұмсайды.

Айта кетелік, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына Үкімет 600 миллярд тенге бөлді. Қостанай облысының кәсіпорындарынан жеңілдетілген несие алуға 79 тапсырыс келіп түскен, соның бүгінде 19-ы қанағаттандырылды. Оның тең жартысына жуығы азық-түлік өндірушілер.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.

Хабар 24 телеарнасы