377,29 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Доссор кентінде тексеруші органдар мен кәсіпкерлер арасында дау шықты

  • 373
  • UPD: 22:09, 26.11.2019

Атырау облысына қарасты Доссор кентіндегі кәсіпкерлер мен тексеруші органдар арасында шу шықты. Мақат аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын тексеру және қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары кент базарында тұрған тауарларды тексерген кезде 40-астам саудагердің сатып отырған бұйымдарында тиісті сертификат болмай шыққан. 

Алайда құзырлы орган өкілдеріне базардағылардың айтар өз уәждері бар. 

Доссор кенті әкімдігінде жиынның ұйымдастырушысы жергілікті қоғамдық бірлестіктің бірі болатын. Шағын және орта бизнес өкілдерінің арыз-шағымдарын жинаған бірлестік бүгін екі жақтың өкілдерін беттестірді. Даудың басы тасымалданған тауарларға тиесілі сертификаттардың болмауы. Ереже бойынша ондай тауарларды ел аумағында саудаға шығаруға мүлде тиым салынған. Десек те кәсіпкерлердің өз айтары бар. 

Раушан Тілеуғалиева, жеке кәсіпкер:

- Алматыда біраз жерден сұрадым. Сертификат та бермейді, накладной да бермейді, чек те бермейді. Береді «Сулпак», «Технодом» осындай үлкен сауда орындары. Бірақ оның тауарын мен сатып ала алмаймын. Удай қымбат. Оны халық та алмайды. Сонда біз қалай жұмыс істейміз. 

Алайда заңның аты заң. Ол орындалуы тиіс. Себебі сапасыз тауарлар адамдар денсаулығына кері әсер етіп жатса, жауап беретін біз дейді құзырлы орган өкілі. Қазір істің алды сотқа жеткен.

Гауһар Тоғаева, аудандық тауарлар және көрсетілген қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:

- Іріктелген сәйкессіз өнімдерге біздер нұсқама бердік. Нұсқама орындалмады. Сол себепті бұл материалдарды сотқа жібердік. Әрі қарай  сот шешімін шығарады.  

Бүгінде Мақат, Доссор кенттерінен сертификатсыз тауарлар тасымалдаған 57 кәсіпкер анықталып отыр. Енді олардың әрқайсысына ең аз дегенде 250 мың теңге айыппұл салынады. 

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Доссор кентіндегі ең пайдалы орын саналатын осы орталоық базардаға күндік тауар айналымы 300 мыңға жетпейді екен. Сондықтан мұндағы сатушылар маанғы құзырлы орган салған 250 мың теңгені айлап емес, жылдап таба алмаймыз деп қорқып отыр.

Жанар Ахметова, кәсіпкер:

- Мен азаннан кешке дейін тұрып қазір ғана 8300 теңге сауда жасадым. «Пашын» ашпай кеткен қыздар да бар. Бізде Доссорда сауда жай. Қарапайым халық қиналып тұр, қазір.  

Бүгінгі  кездесуде құзырлы орган өкілдерінен өзге, кәсіпкерлерді қолдау ұйымдарының да басшылары қатысты. Олар ушығып тұрған мәселені аудан шеңберінде шешіп көрмек.

Гүлнәз Едігеева, облыстық кәсіпкерлер палатасының  мақат аудандық филиалы директоры:

- Бүгінгі жиынның қортындысы бойынша хаттама жасақталып түскен өтініштер тиісті органданға жазбаша түрде ұсыныс берілетін болады. 

Көп болып кеңессе, арба сынбай, өгіз өлмейтін жол табылар. Жиналғандар соған сеніп тарасты. Қалай дегенмен де аядай ауылдағы кәсіп иелерін тұншықтырғалы тұрған жағдай аяқсыз қалмауы тиіс.  Себебі, бұлардың әрқайсысы нәпақасын саудадан айырып, мемлекетке иек сүйемей күнкөріс қамында жүрген жандар.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы