429,76 515.14 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлемнің 11 елінде қазақ тілін оқытатын 31 онлайн сынып ашылады

  • 919
  • UPD: 21:55, 28.11.2019

«Қастерлі қалам» жобасы аясында жүзеге асатын игі бастама шетелдегі қандастарға өз тілін ұмытпай, оқып жүруіне мүмкіндік жасамақ, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл туралы елордада өткен «Отандастар. Болашаққа бағдар» атты халықаралық жиында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді. Әлемнің 20 елінен келген қандастар бас қосқан шарада шеттегі қазақстардың тарихи Отанымен мәдени-гуманитарлық байланысын күшейту мәселесі қаралды.

Бүгінде әлемнің 43 елінде тарыдай шашылған 5 миллионнан астам қазақ бар. Тағдырдың жазуымен өзге елді қоныс еткенімен, олар әлі де ата жұртымен байланыс үзбеген. Қазақ елі де қандастарын барынша қолдап, рухани демеп келеді. Қазақ диаспорасы көп елдерде «Қазақ үйлері» ашылатын болды. Бұл осы елдердегі белсенді қазақ мәдени бірлестіктерінің басын қосуға зор мүмкіндік болмақ.

Қырымбек Көшербаев, ҚР мемлекеттік хатшысы:

– Тәуелсіздіктен кейін елімізге 1 млн-нан астам қандасымыз келіп, отанымыздың бір-бір уығына айналып, мемлекетіміздің дамуына үлесін қосуда.  Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атамекенді аңсап келген ағайындар мәселесін Үкіметке, Президент әкімшілігіне тағы бір мұқият қарап, қосымша іс-шаралар қабылдауға тапсырма берді. Осыдан екі жыл бұрын өткен Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының 5-құрылтайында құрылған «Отандастар» қоры қазір қанатын кеңге жайып, шеттегі қазақ қоғамымен тығыз ықпалдастық орнатуда.

Енді этникалық қазақтардың елімізге көшу рәсімі де жеңілдей түсетін болды. Қазір жүйелі шаралар әзірленіп жатыр. Атажұртқа көш түзегендердің «қандас» мәртебесіне өтішін бергеннен бастап қазақстандық құжат алуына дейінгі уақыт қысқармақ. Әрі қандастардан сұралатын құжат саны 46-дан 20-ға дейін азайып, оларды «бір терезе» бойынша қабылдайтын болады.

Дәурен Абаев, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі:

– Біз жол картасын әзірлеп бекіттік. Соған сәйкес барлық мемлекеттік органдар қажетті құқықтық ұйымдастыру шараларын қабылдауы тиіс. Бұл «бірыңғай терезе» 2020 жылдың 3 тоқсанның соңында толық күшіне енеді. 06,15 Атқарылған жұмыстар нәтижесі қандастардың қазақ қоғаммен байланысын күшейтетіні сөзсіз.

Алқалы жиында Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев шетелдегі қандастарға үндеу тастады. Яғни әр қазақтың жүрегі «Қазақстаным» деп соғуы керек. Дүниенің төрт бұрышында жүрсе де, қазақтың салтын, әдет-ғұрпын насихаттап жүрсе екен дейді.

Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Сондағы тұрып жатқан қандастарымыз қазақтың тарихын, салт-дәстүрін, тұрып жатқан мемлекетке таратуы керек. Олардың арасында қалталы азаматтар, ғалымдар, әдебиетшілер, өнерпаздар бар. Олар өз Отанына көмектесуі керек.

Тағы бір айта кетерлігі, соңғы уақытта Қытайдағы қандастарымыздың атамекеніне шығуы қиындап кеткені белгілі. Еліміздің сыртқы істер министрлігі бұл мәселені шешу мақсатында Қытай тарапымен тығыз диалог орнатып, келіссөздер жүргізді. Қытайлық тарап қандастардың Қазақстанға шығуына қойылған шектеу алынып тасталғанын жеткізген.

Шахрат Нұрышев, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:

– 2019 жылдың қаңтар-қараша аралығында еліміздің Қытайдағы консулдық және дипломатиялық мекемелерінен 38393 этникалық қазақ визасын алып, Қазақстандағы туыстарымен қауышты. Қос азаматтығы үшін Қытайдан шыға алмай жүрген 35 қазақтың 30-ы босатылып, елімізге оралды.  Министрлік қандастарымызды Қытайдан Қазақстанға шығаруға байланысты түрлі шараларды қолға алуда. Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес, Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен қабылдаған азаматтар Қазақстандағы Қытай дипломатиялық өкілдіктері арқылы Қытай азаматтығынан шығу процесін рәсімдеуде.

Шетелдегі этникалық қазақтарды қодау жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бар. Осының аясында қазақ диаспорасы өкілдері үшін қазақстандық жоғарғы білім ошақтарында білім беру бағдарламалары бойынша квота көлемі 4 пайызға көтерілген. Бұдан өзге қандастарымызды үймен және жұмыспен қамту мәселесі 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында өзінің шешімін тауып отыр.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы