412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ішкі істер министрі тұрғындардың талап-тілегін тыңдады

  • 501
  • UPD: 23:47, 04.12.2019

Қылмыстық істерді тергеудегі қателіктер, полицияның тиісті шара қолданбауы, қызмет сапасының төмендігі. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа тікелей шағымданған тұрғындардың көбі осындай мәселелер көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нұр-Сұлтан қалалық «Нұр Отан» партиясында өткен қоғамдық қабылдауға еліміздің барлық өңірі онлайн режімде қосылды. Елордадан шалғайдағы облыс тұрғындары министрмен тілдесіп, талап-тілектерін айтты.

Алдымен Шымкент қаласы байланысқа шықты. Тұрғындар министрге қордаланған проблемаларын кезекпен айта бастады. Түсінгеніміз, шағымданушылар жергілікті полициямен тіл табыса алмай жүр.

Ал жергілікті полиция департаментінің басшысы ақталып әлек. Тікелей байланыс кезінде ушыға бастаған дауды министр тоқтатты.

Шымкенттің тағы бір тұрғыны елордаға әдейілеп келіпті. Айтуынша, жақында соққыға жығылған. Алайда, кінәлі адам тиісті жазасын алмапты. Қастандықты ұйымдастырған мемлекеттік қызметші дейді әділдік іздеген әйел. Бұл іс бойынша сот шағымданушының өзін де әкімшілік жауапқа тартқан.

Василя Рашитова сот шешіміне шағымданған екен. Ол үшін сот-медициналық сараптамадан қайта өтуі тиіс. Бұл жерде де бір шикілік шыққан.

Министр бұл істі жеке бақылауына алатынын айтты. Ал шағымданушы Шымкентте сот-медициналық сараптаманың әділ өтеріне сенбей отыр. Сондықтан, сараптама басқа қалада жасалатын болды. Ал Маңғыстаудың тұрғыны алаяққа алданғанын жеткізді. Бірнеше адамды алдап, алаяқтық жолмен ақша тапқан әйелдің үстінен қозғалған қылмыстық іс жабылып қалған. Тұрғындардың министрге шағымынан кейін, іс қайта көтерілетін болды. 

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР ішкі істер министрі:

– Қазір тергеуді бақылау  департаментіне өтінішпен шығып, қылмыстық істі тоқтату жөніндегі шешімді бұзып, істі сотқа жолдау туралы өтініш жазасыз. Іс соттың ашық отырысында қаралып, сот қана соңғы шешім шығарсын. Кімдікі дұрыс, кімдікі дұрыс еместігін сот шешеді. Сіздер өздеріңізге ондай жауапкершілік алмаңыздыр.

Байқағанымыз, қай істе де жергілікті полиция қызметіндегі салғырттық айтылды. Министр бірнеше өңірдің полиция департаментінің басшыларына нақты тапсырма беріп, жұмыстарын сынға алды.

 

Хабар 24 телеарнасы