422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Зауыт жұмысшыларының жаппай улану дерегі өскемендіктерді дүр сілкіндірді

  • 656
  • UPD: 08:37, 05.12.2019

Өскеменде ауруханаға түскен бір топ зауыт жұмысшысы көміртек тотығынан улануы мүмкін деген болжам бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларға әзірге осындай диагноз қойылып отыр. Қазір бұл оқиға бойынша облыстық еңбек инспекциясы тексеріс бастап кетті.

Айта кету керек, Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауытының 11 жұмысшысы өндірістік қалдық үйілген аумақта жұмыс істеп жатқан жерде денсаулықтары күрт нашарлап, ауруханаға түскен болатын. Бұл дерек тұрғындарды біршама алаңдатып тастады.

Зауыт жұмысшыларының жаппай улану дерегі өскемендіктерді дүр сілкіндірді. Дегенмен, мамандардың хабарлауынша, ауруханаға түскендердің жағдайлары қазір бірқалыпты. Облыстық еңбек инспекциясы он күндік тексеріске кірісіп кетті.

Талғат Орынбеков, облыстық  мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының еңбек инспекторы:

- Көміртек тотығу газынан улану деген диагноз қойылды. Қазіргі таңда мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы ШҚО прокуратурасының тапсырмасымен «Хоз управление УК»ЖШС-іне тексеріс басталып, нәтижесі бойынша қосымша ақпараттар берілетін болады.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Бұл жағдай қала экологиясына алаңдаулы тұрғындарды одан сайын үркітіп отыр. Өйткені шаһарды көк түтін басып қалатын күндер көп. Ауа құрамында күкірт қышқылы, азот диоксиді, формальдегид сынды зиянды қалдықтардың шектен асып кетуі де жиі тіркеледі. Туған қаласының тағдырына алаңдаулы Айрат есімді мына баланың бейнетүсірілімі осы мәселені дөп басып, жұрттың көңілін аударды.

Айраттың айтқаны экология министрлігінің құлағына да жетті. Осылайша, өңірге сала өкілдерінің сапары жоспарланып отыр. Жалпы облыс орталығының экологиясы туралы мәселе талай жылдан бері көтеріліп келе жатқанмен ешқандай шешім жоқ. Қалалықтар  қолайсыз ауа райы туралы хабарлама келсе, үйден шықпай амалдауға тырысады.

Эльмира Ахметова, тілші:

Шығыстың басты шаһары көптен бері еліміздегі ауасы ең лас қалалардың қатарынан түспей келеді. Тіпті соңғы екі жылда екінші орынға тұрақтаған.Экологтардың есептеуінше, жалпы орташа көлеммен алғанда облыстағы өнідіріс орындары түрлі нысандардан жылына 130 мың тоннаға жуық зиянды қалдықтар бөлінеді екен.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы