431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда Олжас Сүлейменов атындағы жастар шығармашылық орталығы ашылды

  • 697
  • UPD: 09:00, 12.12.2019

Оның тұсаукесеріне ақын-жазушылар мен қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов арнайы келді, деп хабарлайды «Хабар 24»

Дарынды жастарды біріктіріп, тың бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған ерекше орталықтың ашылуында мәртебелі мейман Қазақстанның болашағы жастарда екенін тілге тиек етті. Оларға  қолдау көрсету бүгіннен басталып жатқанына ризашылығын білдірді. 

Олжас Сүлейменовпен кездесу – Ертіс өңірінің дарынды жастары үшін зор мәртебе. Есімі әлемге танылған ұлт мақтанышына еліктейтін жастар өте көп. Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің 3 курс студенті Айдос Хамитов мектеп қабырғасында жүріп шығармашылықпен айналыса бастаған. Талай өнер бәйгелерінде топ жарған жас өнерпаз бүгінде отызға жуық әннің авторы. Ол Олжас Сүлейменов атындағы стипендияға ие болды.

Айдос Хамитов, 3-курс студенті:

– Өте қатты қуаныштымын. Осындай стипендияға ие болғаныма. Бұл үлкен жетістік деп ойлаймын))

Болашақ ұстаздар биік мақсаттарға бастайтын көптеген жобаларды қолға алған. Кеше ғана Жастар жылы қорытындыланып, 2020 – еріктілер жылы деп жарияланды. «Бұл қолға алған бастамаларымызды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – дейді жастар.

Хафиз Ғабит, ПМУ жастар саясаты департаментінің директоры:

– Еріктілер жылына орай біздің университетімізде еріктілердің бұған дейін жұмыс істеп келген студенттік ұйымдары бар.Алдағы уақытта олардың жұмысы міндетті түрде күшейетін болады, құрамы да, еріктілер саны да өседі деген өзіміздің үмітіміз, жоспарымыз бар.

Ұлыларын ұлықтаған ел азбас. Павлодар мемлекеттік университеті орталық ашумен қатар Олжас Сүлейменовтің құрметіне деректі фильм түсіріпті. Бұл – «Ертіс-Баян өңірінің 100 тарихи тұлғалары» сериясының жалғасы. Алғашқы 50 деректі фильмнің тұсаукесері маусым-шілде айларында қалың жұртшылыққа таныстырылған болатын.

Олжас Сүлейменов, ақын, қоғам қайраткері:

– Бұл өте тамаша жоба дер едім. Сіздер өздеріңіздің жерлестеріңіз, тарихи тұлғаларды Павлодар облысына ғана емес, жалпы Қазақстан халқына таныстырып жатырсыздар. Өйткені олар туралы өте аз жазылған. Біз оларды жеке танығанымызбен, осындай жалпылама көрсету бұрын қолға алынбай келген еді.

Ертіс-Баян өңірі атақты адамдарға бай өлке. Олардың өмірінен сыр шертетін көркем туындыларды жасау келесі жылы да жалғасады. Жоғары оқу орнының ректоры Алтынбек Нұхұлы алғашқы фильмнің кімге арналатынын да атап өтті. Ол Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Кеңестер Одағының батыры Махмет Қайырбаевтың ерлігі жайында болмақ.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы