410,33 456,25 5.75
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ең алғашқы елтаңба қалай жасалды

  • 930
  • UPD: 22:08, 16.12.2019

Әрбір мемлекеттің тәуелсіздігін айшықтайтын негізгі белгілерінің бірі – ұлттық рәміздері.

Қазақстан Республикасының да өзіне тән, ұлттық тарихымен сабақтастыра жасалған Елтаңбасы, Мемлекеттік туы мен әнұраны бар. Осы алғашқы рәміздеріміз қалай жасалды?

Владимир Шевченко – егеменді қазақ елінің алғашқы елтаңбасын жасаған санаулы суретшілердің бірі. Қала безендендіру комбинатына 1971 жылы жұмысқа орналасқан, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бүгінде зейнетте. Тарихи оқиғаның дәл ортасында болғанын мақтан тұтады. Сол уақыттағы қиындықтар есіме түссе, күлкім келеді дейді.

Владимир Шевченко, суретші:

– Алғашқы рәміздердің барлығын қолмен ойдық. Ол өте ауыр жұмыс. Қазақстанның елтаңбасы ТМД елдерінің ішінде мазмұны терең, жасалуы өте күрделі елтаңба саналады. Түн жарымға дейін істейміз. Бастық есіктің алдында тұрады. Кім кетеді, соны жұмыстан шығарамын дейді. Өйткені тапсырыс көп. 90-жылдардың басындағы қиындық естеріңізде болар. Жылу, су, жарық жоқ. Соған қарамастан, қалың киініп алып елтаңба жасаймыз.

Қазіргі таңда техника да, материал да жеткілікті. Диматері 50 сантиметрге дейінгі елтаңбалар пластмассадан құйылады. Ең жоғары сұранысқа ие де – осы өлшемдегі гербтер.  

Ербол Жұман, цех бастығы:

– Бізге елтаңбаны алып келеді. Оны бірінші лактайды. Лактап болғаннан кейін үстінен хромдалады. Хромдап болғаннан кейін бір қоспалар қосып, алтын түске боялады. Ең соңында көк түске боялады.

Бірақ технологияның дамығанына қарамастан, бір метрден үш метрге дейінгі үлкен елтаңбалар бұрынғысынша қолмен қашалады. Бұл жерде полиуритан, яғни нығыздалған пенопласт қолданылады. Әр өнім қатаң бақылаудан өтеді. 

Алғашқы тулар да осы цехта жасалған. Қазір бір туды жасау үшін бірнеше минут қана кетеді. Ал тоқсаныншы жылдары бәрі қолмен тігілді. Көшеге ілінетін байрақтар политэкстен, ғимарат ішінде тұратындар габардин, атлас, тафтадан жасалады.   

Саят Мағзұмов, кәсіпорын директорының орынбасары:

– Өзінің нөмері болады. Пантоны болады. Стандартта жазылған. Оның бәрін зертхана тексереді. Бәрін үйрендік. Тұтас тудың бәрін сәйкес келтіріп шығарамыз.

Тоқсаныншы жылдардың басында мемлекеттік символдарды жалғыз компания шығарған. Қазір 30-ға жуық кәсіпорында мұндай лицензия бар. Бірақ заңмен бекітілген стандарттар қатаң сақталуы тиіс. Өйткені ұлттың мақтанышы, мемлекеттің негізгі нышанын айшықтайтын - рәміздерді қастерлеу кәсіпорыннан бастап, әр азаматтың парызы.   

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы