429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында қыс басталғалы жолда қалған 200-ден астам адам құтқарылды

  • 553
  • UPD: 21:53, 18.12.2019

Ақмола облысында қыс басталғалы жолда қалған 200-ден астам адам құтқарылып, жылыту бекеттеріне жеткізілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың 8-і бала. Қысы қатал солтүстік аймақтарда мұндай оқиғалар жиі болады. Боран кезінде із-түзсіз жоғалып кеткендер де бар. Қазір құтқарушыларда тыным жоқ. Олармен қоса, полицейлер мен жолға жауапты мекемелердің қызметкерлері де жолаушылардың қауіпсіздігі үшін күн-түн демей қызмет көрсетіп келеді.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Бұл – осыдан екі апта бұрын Есіл ауданында болған оқиға. Таңертең көрші ауылға шөп алып келуге шыққан 3 бірдей трактор уақытында оралмаған. Кейіннен боран соғып, оларды жұрттың бәрі бір күн бойы іздеп, әрең тауып алған. Абырой болғанда, тракторшылар дін аман.

Ал, мына фотолар, дәл сол күні аймақ жолдарында түсірілген. Дала түгілі асфальтталған жермен жүрудің өзі қаншалықты қиын болғанын осыдан-ақ білуге болады.

Олег Малюк, облыстық ТЖД басқарма басшысы:

- 6-7 желтоқсан күндері 112 нөміріне көптеген қоңыраулар келіп түсті. Әркім әр тұста қалған. Біз оларға дереу көмек жіберіп отырдық. Ол жерге жетудің өзі оңай емес. Бірақ арнайы техникамен ақырындап барамыз. Сөйтіп, көбінде жолаушылардың көлігін қалдырып, өздерін арнайы орындарға жеткіземіз.

Ақмола облысында бүгінде 1 мыңнан астам құтқарушы бар. Ал, олар өздерінің иелігіндегі 200-ден аса техникамен күндіз-түні қызметке шығуға дайын.

Бұл техникалар боранды күндері құтқарушылардың сенімді серігі. Жалпы төтенше жағдайлар департаментінің қарамағында кез келген жермен жүре алатын үлкен дөңгелекті 4 арнайы техника бар. Бірақ олар боранды күндері жетіспей жатады. «Міне, сондай сәтте өрт сөндірушілердің ауыр техникалары да көмекке келеді», - дейді құтқарушылар. Ал, мамандар жолаушылардың жолда қалуына кейде олардың өздері де кінәлі екенін айтады. Себебі, ескертуді елемейді. Тіпті ақтүтек боранның салдарынан жолдың жабық тұрғанына қарамай, қарсылық танытатындар бар көрінеді.

Ербол Дүйсетай, патрульдік полиция қызметкері:

- Кейде бізге бағынбай, жолға шығып кететін жүргізушілер де болады. Бірақ біздің блок-бекеттен кейін терминал маңында тағы бір патрульдік полиция көлігі тұрады. Міне, солар оны тоқтатып алады. Ал, тіпті оларға да бағынбаса, соңынан қуып жетіп, райынан қайтарамыз. Себебі, боран кезінде жол жүру өте қауіпті.

«Боран мен қатты аязда жолда жүру қауіпсіз болу үшін тасжолдың таза болуы да өте маңызды», - дейді, мамандар. Ал, өңірде оған жауапты 15 мекеме жұмыс істейді. Оларда да 100-ден астам техника бар.

Рүстем Тәкібаев, жолаушы:

- Міне, жуырда, бүрсүгүні келгенде қалаға, астанаға келе жатқанда жолдың кішкене ақтүтек болды. Құтқарушылар жақсы істейді екен. 1,5 сағаттың арасында бәрін тазалап, бізді өткізіп жіберді.

Ал, жолда қалуға мәжбүр болған жандардың уақытша тоқтап, бой жылытып, тамақтанып алуы үшін аймақта 241 жылыту бекеті қарастырылған. Солардың бірі – Щучинск қаласындағы №10 мектептің жатақханасы. Мұнда жолаушылар үшін 25 орын жасақталған.

Алтыншаш Ысмағұлова, мектеп-интернат директоры:

- Әкімдік бізге құрғақ тағамдар әкеліп береді. Осы жерде келген кісілерге шәй дайындап, медбике бар және тәрбиеші бар, адамдарды қабылдауға дайын отырады. Бізде үлкен асхана бар. Оның ішінде барлық жағдай жасалған.

Дегенмен, ең абзалы, жол жүрмес бұрын ауа райы болжамына бір қарап алған жөн. Ал, ұялы телефоныңызға дабылды ескерту жайлы хабарлама келсе, жоспарлаған сапарыңыздан мүлдем бас тартқан дұрыс. Себебі, қыстың қытымыр аязы мен қарлы бораны қателікті кешірмейді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы