376,72 406,00 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда жаңа Экологиялық кодекс жобасы жасалды

  • 288
  • UPD: 20:59, 24.12.2019

Еліміздегі қоқыс полигондарында 120 млн тонна тұрмыстық қалдық шіріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған жыл сайын 5 млн тонна қоқыс қосылып отырады. Рұқсат етілген мұндай полигондар аздай, биыл 9 мың күл-қоқыс төгетін заңсыз орын анықталған. Оның дәл әзір 28%-і жойылды. Бұдан жарты жыл бұрын ғана құрылған жаңа министрлік саладағы осы түйткілдерді шешу үшін мемлекеттік бағдарлама әзірлеп жатыр.

Экология мәселесімен тұтас бір министрлік айналысқалы көрсеткіштер де өсіпті. Тұрмыстық қалдықты қайта өңдейтін кешен саны 170-ке жеткен. Қалдықты кәдеге жарату 11,5%-ке ұлғайды. Елуге жуық қала мен аудан орталықтары және 27 ауылда қоқысты сұрыптау жүйесі енгізілген. Алайда, бұл аз. Жылдар бойы тонналап үйілген тұрмыстық қалдықты жою әзір мүмкін емес. Ауылды айтпағанда, облыс орталықтарының өзі күнделікті жиналатын қоқысты тазарта алмай отыр. Нәтижесінде ауа ластанып жатыр.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Атмосфералық ауаға жүргізілген экологиялық талдау жұмыстары 45 елді мекеннің ішінде ең ластанған қалалардың қатарына Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазган және Риддер кіретінін көрсетіп отыр.

Бұл орайда министр мемлекеттік экологиялық бақылау жүргізіп отырғандарын айтты. 11 айда 2 мыңға жуық тексеріс болып, 4 мыңнан астам заңбұзушылық анықталған. Ауаны ластайтын кәсіпорындардың жұмысын тоқтату туралы 337 материал сотқа жіберілген. Мемлекетке 12 млрд теңгеден астам қаржы өндірілген. Енді айыппұл өз алдына, «ластанған ауаны қалай тазалаймыз» деген мәселе туындап тұр. Бұл орайда министрлік өңірлерде жасыл белдеулерді көбейтпек. Сондай-ақ өрт немесе құрғақшылық салдарынан жойылып кеткен ормандарды қалыпқа келтіру жоспары бар.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

Қазіргі таңда республикадағы орманды жерлер 4,7%-ті құрайды. 2030 жылға қарай көрсеткішті 5%-ке жеткізу мақсатымыз. Биыл 174 мың гектар аумақта 628 орман өрті тіркелді. Ол өткен жылдан 2,2 есе аз. Осы 57 мың гектарға ағаш егілді.

Проблема көп. Оны заңмен реттеу маңызды. Үкімет жақында жаңа экологиялық кодекс жобасын Мәжіліске ұсынбақшы. Жобаны жасау кезінде 2000-нан астам ұсыныс түскен. Кодекс қабылданса, ауаны ластап, заңды бұзып отырғандарға талап күшейеді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер министрі:

- Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдердің тәжірбиесі ескеріле отырып, заңнамалық реттеудің қосымша шараларын реттеу үшін жаңа Экологиялық кодекс әзірленді. Оның басты қағидаты – ластаушы төлейді, ластаушы қалпына келтіреді. Кодексте қоршаған ортаны ластағаны үшін айыппұл төлегенше, кәсіпорындарға өндірісті жабдықтауға жаңа технология алуға қаржы салу тиімді болу үшін жағдай жасалуда.

Министрлік иен дала шөлейтке айналып кетпесі үшін сексеуілді қорғау жұмыстарын да күшейтпек. Сонымен бірге трансшекаралас өзен-көлдердің тазалығы бойынша көрші мемлекеттермен келіссөздер жүргізіп жатыр. Ал тұрмыстық қалдықтан арылудың бір жолы қайта өңдеу арқылы энергия қуатын өндіру жаңа жобасы әзірленген.

Хабар 24 телеарнасы