376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 155 мың адамға 322 млрд теңге несие берген

  • 498
  • UPD: 23:07, 25.12.2019

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» ширек ғасырды артқа тастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұйым бүгінге дейін 155 мың адамға 322 млрд теңге несие берген. Тиімді шарттарды құп көретін кәсіпкерлер көп. Бүгінде оларға арнап талай ыңғайлы жүйелер енгізіліп жатыр. Соның бірі – несиеге онлайн түрде өтініш қалдыру.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына биыл 13 мың кәсіпкер жүгініп, несие алған. Барлығына өз ісін бастап, дөңгелету үшін 60 млрд теңгеден астам қарыз берілді. Міне, қаржылық ұйымның қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы салаларын қолдап келе жатқанына ширек ғасыр толды.

Жандар Омаров, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы:

– Жиырма бес жыл аралығында 322 млрд-қа 155 мың адамға несие берілген. Біздің негізгі жұмысымыз – «Еңбек» бағдарламасы мен АӨК дамыту бағдарламасы. Осы екі бағдарлама аясында жұмыстарымыз жүріп жатыр.

«Еңбек» бағдарламасы арқылы қаржыландырылғандардың 70 проценті - старт ап жобалар. Айтпақшы, биыл шағын және орта бизнесті дамыту үшін қосымша 20 млрд теңге бөлінген. Қор алдағы жылдары да бұл қаржыны азайтпауға мүдделі. Тиімді шартпен несие алғандар борышты 1-2 жылдан кейін өтеуді бастайды.

Жандар Омаров, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы:

– Нарықта 16-20 пайыздан төмен несие жоқ. Онымен салыстырғанда «Еңбек» бағдарламасы жұмыссыздарға үлкен мүмкіндік береді. Екіншісі, қолайлы төлемақы кестесі. Біріншіден, біз ауылшаруашылық жобаларға 7 жылға дейін несие береміз «Еңбек» бағдарламасы бойынша. Салалық бағдарламалар бойынша 15 жылға дейін несие береміз.

Жаңа жылдан бастап несиеге өтінішті онлайн режимде қалдыра аласыз. Бас-аяғы жарты сағатта жауабы келеді. Ал қарыз алу үшін несие тарихыңыз дұрыс болсын. Бастысы, кепілзатыңыз және «Бастау» бизнес бағдарламасына қатысқаныңыз туралы сертификат ұсынсаңыз болғаны. Салаға қарай 4 пен 20 млн теңге аралығында ақша алуға мүмкіндігіңіз бар.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ғани Алшымбаев

Хабар 24 телеарнасы