425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оңтүстік Кореяда түркістандық қызға операция жасалды

  • 1144
  • UPD: 23:06, 30.12.2019

24 жастағы түркістандық Ақнұр Сапарбайға Оңтүстік Корея елінде операция жасалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Туғаннан дұрыс сөйлей алмайтын «қоян жырық» және «қасқыр таңдай» диагнозы қойылған науқасқа операцияны Пучон қаласындағы клиниканың дәрігерлері тегін жасады. Қазір науқастың жағдайы қалай? Жақсы сөйлеп кетуі үшін әлі қанша операция жасалуы керек?

Көп балалы отбасында дүниеге келген Ақнұрға бұған дейін елімізде бірнеше рет операция жасалған. Алайда нәтиже болмапты. Содан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары оның құжатын Кореяға жіберген. Ол жақтағы дәрігерлер науқастың диогнозмен танысып, қолдау көрсететінін айтыпты. Түркістандық қыз дереу Пучон қаласына жеткізіліп, бірден операция жасалған. Алғашқы нәтиже жаман емес.

Ақнұр Сапарбай, Түркістан қаласының тұрғыны:

Дәрігердің айтқан сөзі маған ұнады. Себебі, ол менің ең жанды жерімді тапты. Мен расында қиналып сөйлеймін. Әрбір сөйлеген сөзім тамағымнан қиналып шығады. Енді дәрігер «қолымнан келгенше көмектесемін» деді. Ол мен үшін үлкен нәрсе, менен бақытты адам болмайтын шығар.

Операция 4 сағатқа созылыпты. Оны брнеше жылдан бері пластикалық операция жасаумен айналысып жүрген Кореядағы ең тәжірибелі профессор Нам Сынг Миннің өзі жасаған. «Ақнұрдың емі сәтті аяқталған. Енді тек күтіну керек», дейді профессор.

Нам Сынг Мин, пластикалық хирургия бөлімінің дәрігері, профессоры:

- Біз оның ішінен ет алып ерні мен мұрнына жалғадық. Енді толық жазылып кетуі үшін біраз уақыт керек. Бір айдан кейін науқас жақсы сөйлей бастайды. Ол үшін өзі де әрекет етуі тиіс. Ал, толықтай сауығып кетуі үшін әлі екі рет операция жасалуы керек.

Негізінде, дәрігерлер «қоян жырық», «қасқыр таңдай» дерті туабітті, тұқым қуалайтын кесел екендігін айтады. Сондай-ақ жүктіліктің алғашқы айларында ананың жұқпалы вирустық аурулармен ауруы да себеп болатынын ескертеді. Сондықтан кез келген ауруды емдегеннен оның алдын алған жақсы екенін айтады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы

 

Хабар 24 телеарнасы