376,42 420,09 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада апатты жағдайда тұрған көп қабатты үй жылусыз қалуы мүмкін

  • 84
  • UPD: 09:19, 13.01.2020

Елордада қыстың көзі қырауда көп пәтерлі тұрғын үй қараусыз қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

300-ге жуық баспана иелері арнамызға хабарласып, қызмет көрсетуші компанияның атүсті әрекетіне шағымданды. Айтуларынша, соңғы 10 күннен бері бүтіндей бір үйде бірнеше рет апат болып, жертөле суға толған.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Елордадағы бұл үйдің тұрғындары жаңа жыл түнінен бері далада сенделіп жүр. 31 желтоқсан күні мұндағы бірнеше пәтерде құбыр жарылып, апатты жағдай туындаған. Көмек қолын созар маман не әкімдіктен, не пәтер иелері кооперативінен табылған жоқ. Соңғысы тіпті мойнындағы жауапкершілігін орындаудан үзілді-кесілді бас тартып, тұрғындарды осы қиындықпен бетпе-бет қалдырып кетіпті. Салдарынан жертөле тобыққа дейін суға толып, қондырғылар біртіндеп істен шыға бастады.

Үйдің пайдалануға берілгеніне 10-ақ жыл өтсе де, кем-кетігі түзелер емес. Енді сол кем-кетікті түзейтін мекеме де бұл міндеттен ат тонын ала қашыпты.

Николай Гурин, қала тұрғыны:

Жаңа жыл мерекесінде осындай мәселе туындады. Қызмет көрсетуші компания келісімді біржақты бұзып, үйді қараусыз қалдырып кетті. Содан бері ірі 3 апат болды. Олардың салдарымен өзіміз күрестік. Жертөледегі су 10 сантиметрге дейін жетті. Қызмет көрсетуші жаңа компанияны тауып, ескісі мынаның барлығын заңды түрде өткізіп беруін талап етеміз.

Үйдегі жағдай әлі де күрделі. Қызмет көрсетуші компания техникалық жабдықтарды түгендеп беруден бас тартып отыр. Сондықтан тұрғындар өздері әрекет етуге мәжбүр. Қыстың көзі қырауда жағдай бұлай жалғаса берсе, бүтіндей бір үй жылусыз қалуы да әбден мүмкін.

Жанар Сабырова, қала тұрғыны:

- Мәселе қыста тастап кетті. Ыстық су жарылып жатыр. Құбырлар шіріген. Біреуі істемейді. Жаңа жыл болған жоқ. Анаған бір, мынаған бір жалынып жүрміз.

Анығында, тұрғындар әкімдікке хабарласып, арызданған. Алайда, ондағылар «бұл мәселемен айналысу біздің құзіретімізде емес» деген сыңай танытыпты.

Виктор Сыздықов, Тұтынушылар мен кәсіпкерлерді қорғау одағының төрағасы:

- Жаңа заң бойынша тұрғындар бірігіп, үйді басқару құқығын өз қолдарына алуы керек. Әлгі қызмет көрсетуші компанияға хабарласып, бар мүлікті түгендеп, қабылдап алғаны жөн. Осылайша, мүлік иелерінің өзіндік бірлестігі құрылады. Оған тұрғындар төрағаны сайлайды да, қызмет көрсетуші басқа кәсіпорынды таңдайды. Сөйтіп, тапсырыс берушінің рөлін атқарады.

Қоғам белсендісінің айтып отырғаны елімізде биыл қабылданған тұрғын үй шаруашылығы жөніндегі жаңа заң. Құжаттың басты ерекшелігі көп пәтерлі үйлерде басқарушы бірлестік немесе серіктестік құрылуы қажет.

Марғұлан Әбдікәрімов, «ТКШ Жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ департаментінің директоры:

- Жаңағы бірлестік екі есепшот ашады. Күрделі және ағымдағы. Сол принцип бір жылдың ішінде міндетті түрде жиналыс өткізу керек. Басқару рәсімін таңдау керек. Бұрынғы істеп жүрген пәтер иелері кооперативтеріне 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Дегенмен, бұл үйдің тұрғындары әлі де жергілікті билік өкілдеріне сенім артып отыр. Қыстың көзі қырауда жауапкершілігін толық орындамай кеткен қызмет көрсетуші компанияны жауапкершілікке тартуды сұрайды. «Олай болмаған жағдайда, сотқа да шағымданып, мәселені заң аясында шешуге дайынбыз», - дейді тұрғындар.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы