376,42 420,09 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы №2 автопарктің жүргізушілері жалақыларын ала алмай жүр

  • 83
  • UPD: 21:51, 14.01.2020

Елордадағы №2 автопарктің қызметі тоқтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жүргізушілер бірнеше айдан бері толыққанды жалақы ала алмай келеді. Кейбірі жұмыстан кетіп тынған. Не себеп? Ширек ғасырлық тарихы бар автопарктің басына не күн туды?

Қорған Төреқожа, тілші:

Автопарктің жұмысы тоқтаған. Жүргізушілер жұмысқа соңғы рет 12 қаңтар күні шығыпты. Автопаркте ақша жоқ.

Ақша жоқ дегеніміз – автопарктің есепшоттары бұғатталған. Себебі №2 парк мемлекетке салық ретінде 120 миллион теңге берешек. Жүргізушілерге 57 миллион теңгедей қарыз.

Мұхтар Ағажанов, №2 автопарктің жүргізушісі:

- Соның бәрі ала алмай отыр ғой. Екі ай болды. 50 мың аванс берді. Айлық жоқ. Банкте ақшамыз, шотымыз бұғаттаулы дейді.

Әділхан Толтаев, №2 автопарктің жүргізушісі:

- Бізге алдын ала бір ай бұрын айту керек еді. Біз енді оған аяқ астынан дайын болмағанбыз. Жігіттер жан-жақтан келген. Айлық төленбегелі екі айдан асты. Басшылар айтып жатыр. «Біздің шот бұғаттаулы», дейді. Айлық төлей алмаймыз дейді. Кредит бар. Ақшаны бермесе, пәтерден шығарамыз деп жатыр.

Қорған Төреқожа, тілші:

- Мұндай проблемаға не себеп болды? Мән-жайды білмек болып автопарктің бас есепшісіне кірдік. Мадина Цурованың айтуынша, ақша жоқтығының себебі – парк екі жылдан бері мемлекеттен жарытып субсидия алмаған. Себебі әкімдік 2018 жылдың қарашасы мен желтоқсанында 46 миллион, ал былтырғы қыркүйектен желтоқсанға дейін 122 милион теңге субсидияны төлемеген.

Мадина Цурова, №2 автопарктің бас есепшісі:

Қаңтардың тоғызы күні бізге әкімдік мынадай хат жолдады. «2018 жылы сіздерге субсидия бойынша берешегіміз жоқ. Яғни, әкімдік 2018 жылы мүлдем қарыз емеспіз» деп отыр. Ал, 2019 жылы көлік басқармасы дебеторлық берешек туралы шешім қабылдады. Қарыздары 122 миллион теңге. Ал, ол ақшаны әкімдік өкілдері биыл береміз деді.

Науат Азанбаева, «Aстана LRT» ЖШС қоғаммен байланыс жөніндегі қызметінің басшысы:

- Басты себеп – екінші автопаркте автобус аз. Олар жолаушыларға қажетті көлемде қоғамдық көліктерді шығара алмады. Бір сөзбен айтқанда, міндеттерін толық орындамады. Басқалары жап-жақсы қызмет көрсетіп келеді. Бар мәселе осы.

Автопарктің бас есепшісі «50 шақты автобусымыз бар. Барлық міндетімізді орындадық», дейді. Атап өтейік, басы дауға қалған екінші автопарктің кейбір бағыттары бүгінде бірінші паркке берілген. Ал, жүргізушілердің басым көпшілігі өз еркімен жұмыстан кетіп қалған. Жалақыларын ала алмаған соң. Қалған қырықтан астамы үмітпен жүр. «Төлеп қалар» деп. Ал, бас есепші парктің жұмысы тоқтағанын айтты. Бірақ бұл жөнінде әлі әкімдік тарапынан түпкілікті шешім қабылданбаған.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы