423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан-Қырғызстан шекарасында жүк көліктері екі аптадан бері кезекте тұр

  • 522
  • UPD: 23:35, 14.01.2020

Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасында екі апта бойы жүк көліктерінің бір шақырымға созылған кезегі тарқамай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған жүк транзитін қадағалайтын арнайы электронды пломбалардың жоқтығы себеп.

«Ақ-Тілек – автодорожный» шекаралық бекетінде жүздеген жүк көлігі жиналып қалды. Кейбіреуі бір аптадан аса уақыт тұр, сол себептен жүргізушілер көліктерінде қонуға мәжбүр. Онан тек тамақ сатып алуға және соңғы жаңалықтарды білу үшін шығады. Және барлығы шекарадан қашан өтетінін білгісі келеді.

Номан Каримкулов, көлік жүргізуші:

- Ешкім білмейді. Электронды пломбалар береді дейді. Жаңа Жылға дейін үлгергендер шекарадан өтті. Қалғандары осында. Алдымда 3 қаңтарда келген көліктер тұр, өзім бесінде келдім.

Шекарадағы ұзын-сонар кезек желтоқсан айының соңында пайда болды. Сол кезде Қазақстанның мемлекеттік кірістер комитеті ел аумағында автокөліктермен тасымалданатын жүктерді арнайы электронды пломбалардың көмегімен қадағалауды шешкен. Олар Ресей, Қытай және Өзбекстанға бара жатқан транзит жүктеріне бекітілуі тиіс.

Андрей Скибин, көлік жүргізуші:

- Құжаттарымды рәсімдеп, тексеруден өттім. Күні бойы тұрдым, электронды пломбалары жоқ. Еуразиялық экономикалық одақтың саммиті болып, Қазақстанға контрабандалық тауарлар жеткізбес үшін қырғызстандық көліктерге міндетті түрде пломба тағылатын болып шешілді. Кешке дейін күттік, пломбалар әкелмегендіктен, кері қайттық.

Осы жағдайға байланысты Қырғызстан премьер-министрі Мухаммедкалый Абылгазиев Қазақстанмен бұл жөнінде келіссөздерді жаңғыртуды тапсырып, шекарада тұрып қалған жүргізушілерге қолдау көрсетуді бұйырды. Олар күн сайын азық-түлік пен жанармай сатып алу үшін қаражатын жұмсайды, ал жүк иелері тауарлары дер кезінде жеткізілмегендіктен, шығынға батып жүр.

Авторы: Бакыт Чермашев

 

Хабар 24 телеарнасы