376,84 415,79 5,92

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада 4, 4А, 17, 44 бағыттағы автобустар жүрмейтін болды

  • 132
  • UPD: 10:11, 17.01.2020
Елордада 4, 4А, 17, 44 бағыттағы автобустар жүрмейтін болды

2020 жылдың 14 қаңтарынан бастап астанадағы №2 автобус паркі жұмыс істемейтін болды.

Бұл туралы «Астана LRT» басшысы Бекмырза Игенбердинов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайдыЕлорда Инфо.

«Ондаған адам бір күнде жұмыссыз қалды. Олардың әрқайсы бір-бір отбасының асыраушысы. Кез келген адам жұмыс істеп жүріп ертеңгі болатын күнге дайын жүруі тиіс. Автобус паркі төрт әлеуметтік маңызы бар қалалық маршрутқа (4, 4А, 17, 44) қызмет көрсетті. Онда бас-аяғы 72 жүргізуші жұмыс істеді. Автопарк басшылығы қолданыстағы заңнама бойынша қызметкерлерге кем дегенде бір ай бұрын қызметінің тоқтатылатыны туралы хабарлауға міндетті. Алайда, біз де, автопарк қызметкерлері де бұл жайттан мүлдем бейхабар болған», – деп жазады Бекмырза Игенбердинов.

Оның айтуынша осы оқиғаға байланысты жүргізушілермен кездесу өткізіліпті. Жиын барысында оларға екі айдан аса уақыт жалақы төленбей келгені белгілі болды.

«Олардың көбі пәтер жалдап, несие төлеп отыр. Қазір олар үшін тұрақты жұмысқа орналасу, сондай-ақ өткен айларда жұмыс істегені үшін жалақысын алу мәселесі қиындық тудырып тұр. Бұл проблемаларды шешу үшін біз мемлекеттік құзырлы органдардың көмегіне жүгінуді кеңес еттік. Бұған қоса, өзге автобус парктерінің басшылығымен келісе отырып, өтініш білдіргендерді жұмысқа орналастыру туралы шешім қабылданды», – дейді Астана LRT басшысы.

Дегенмен ол жаңа жұмыста да өзіндік талаптары мен міндеттері болатынын қозғап өтті. Айтуынша, бұл жүргізушілердің жол ережесін толық білуімен байланысты.

«Тәжірибелі, кәсіби мамандар ылғи да сұраныста. Біз олардың жұмысқа орналасуы үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз», – деп ойын қорытты.

Хабар 24 телеарнасы