379,75 415,08 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президенттік кадр резервіне енген жастар маңызды қызметтерге тағайындалады

  • 203
  • UPD: 22:31, 18.01.2020

Президенттік кадр резервіне енген жастар кезең-кезеңмен жауапты қызметке орналасатын болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қатаң іріктеуден өткен үздіктер келешекте мемлекеттік басқару жүйесінің діңгегі болуы тиіс. Резервке өткендердің арасында ақтөбелік 12 жас бар. Олар көп ұзамай қызметке орналасуы тиіс. Бұл үшін арнайы жол картасы жасалып жатыр.

Сәбит Мұқанов – Президенттік кадр резервіне өткен жастардың бірі. Екі бірдей жоғарғы оқу орнын тәмамдаған оның мемлекеттік және жекеменшік секторда жиған тәжірибесі де бар. Ал жауапты сынға қатысуда кәсіби тұрғыдан өсуді мақсат тұтқанын жасырмайды. Әрі бойдағы бар күш-жігерді ел игілігіне жұмсау, ес білгелі пайда болған арман дейді.

Сәбит Мұқанов, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі:

– Мақсатым – өз күшіммен туған өңірдің дамуына кішкентай болса да үлес қосу. Себебі жоба басталған кезде осы берілген салалардың ішінен өңірлік саланы таңдадым. Менің ойымша, халыққа жақын, халықпен тығыз байланысты. Туып өскен ортаны әрі қарай дамыту жолдарын қарастыруға болады деп ойлаймын.

Жалынды жас жауапты жобада бақ сынау оңай болмағанын айтады. Әсіресе, үшінші кезеңнің талабы бойынша таңдаған салада жоба қорғау, эссе жазу, бағалаушы сарапшылар құрамымен кездесу әр үміткерге оңайға соқпаған. Дегенмен Сәбит барлық турдан сүрінбей өтіп, үздіктердің қатарынан көріне білді. Бүгінде ұсынылған лауазымды жұмыс орындарын таңдауда.

Сәбит Мұқанов, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі:

– Ұзақ жолдың бірінші қадамы басталды. Қазір жан-жақтан ұсыныстар түсуде. Сол түскен ұсыныстардан өзімнің дайындығыма және салалық бөлініске қарай таңдаймын деп ойлаймын.

Маңызды қызметке Президенттік кадр резервіне енген ақтөбеліктердің барлығы кезең-кезеңмен тағайындалатын болады. Ал жоба жарияланған тұста өңірден 300-ге жуық үміткер қатысуға тілек білдірген еді. Алайда оның тек 12-сі ғана барлық кезеңнен сүрінбей өтті. Оның арасында жергілікті атқарушы органның қызметкерлері, бір аудан әкімі және кәсіпкерлік саласының өкілдері де бар.

Анар Тәңірбергенова, облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің департаментінің баспасөз хатшысы:

– Аталған кезеңдерден үздік шыққан Ақтөбе өңірінің 12 маманы ТОП-300 Президенттік жастар кадрлық резервінің резервистер қатарына ілікті. Осы жерде айта кеткен жөн, аталған көрсеткіш бойынша Ақтөбе өңірі батыс өңірлері бойынша үздік деп танылды.

Ел бойынша жастар кадрлық резервін жасақтау былтыр басталған болатын. Бастапқыда 13 мыңнан астам адам үміткер болған. Кейін үздіктері ғана іріктеліп, 300 маман таңдап алынды.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы