377,19 415,79 5,93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы елді мекендер омбы қардың астында қалды

  • 192
  • UPD: 20:41, 20.01.2020

 Қалың қар басып жатқан Шығыс Қазақстан облысындағы шалғай ауыл-аймақта қатынас қиындады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейбір таулы өңірлерде ақ ұлпаның қалыңдығы екі метрге дейін жуықтады. Шемонаиха, Риддер, Глубокое, Алтай, Көкпекті сынды аудандар омбы қардың астында қалды.

Әсіресе, шағын елді мекен тұрғындары  жолға шығу былай тұрсын, аула ішін тазалап үлгермей жатыр. «Ал әкімдік тарапынан жіберілген техниканы сирек көреміз», - дейді ондағы жұрт. Біздің тілшіміз Глубокое ауданы Михайловка ауылында болып, жағдайды өз көзімен көріп қайтты.

Блиц:

- Мына жерде машина тұр. Шыға алмай, соны тазалаудамыз.Үйіміз міне, терезесінің бәрі жабылған. Үй бойы қар.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Букужуковтар отбасы таң атса, қар күреумен әуре. «Сәл тынықсақ болды, толассыз жауған қар барлығын басып қалады», - дейді олар. Әбден мезі болған ауылдықтар қарды күреп, жалғыз аяқ жол салып алыпты. Тұрғындардың сөзінше, көлік қатынасы тұралап, ауылдағы оқушылар көрші елді мекенде орналасқан мектепке жете алмай қалған. Өйткені әкімдік шығарған арнайы техникадан келер қайыр жоқ екен.

Нұрлан Букужуков, Михайловка ауылының тұрғыны:

- Әркім өз тіршілігін жасайды, басқа енді әкімдік анда-санда жолды тазалайды, ал былай техника жүре алмайды, сынады, ескі, әкімдік «ақша жоқ» дейді, ақша болса, техникасы сынады.

Эльмира Ахметова, тілші

- Бұндағы жұрттың айтуынша, өңірде осындай қар жаумағалы жиырма жылға жуықтапты. Тұрғындар алыс жолға шыққан былай тұрсын, өз аулаларына шыға алмай отыр. Өйткені сарай моншалардың барлығын мынадай омбы қар басып жатыр.

83 жастағы Николай Герасимов та омбы қармен кешке дейін алысады. Әйтпесе, қараша үйінен шығуы мұңға айналған. Күнделікті күрек ұстап, қар лақтырудан қажыған қарияны сөзге тартпас бұрыналдымен көмек қолын создық.

Зейнеткер «табиғаттың мұндай мінезін көрмегелі көп болып еді», дейді.Сондықтан әкімдіктің арнайы техникасын күтіп отырмай, іске кіріскен.

Николай Герасимов, Михайловка ауылының тұрғыны:

- Өткен жылы түскен қар қалыңдығы 40-50 см ғана болып еді, биыл мінекей, толассыз жауып жатыр. Күн сайын жоқ дегенде 5 сағат бойы қар тазалауға тура келеді.

Омбы қарды қолмен күреуге жалғыздап шамасы жетпегендер бір-біріне көмектесіп жатыр. Ал кейбірі маңайдағы шаруа қожалықтарының техникасын өз қаражаттарына жалдап шақыртады.

Айта кету керек, қалың қардың түсуі тасқын қаупін арттырып отыр. Сондықтан өзен жағасын бекіту жұмыстары қарқын алған.

Алексей Штыкель, облыстық ТЖД бөлім басшысының орынбасары:

- Тұрғысын өзеніндегі, Бұқтырмадағы дамбаларды бекітіп, биіктету жұмыстары атқарылды. Ал Глубокое ауданында Прапорщикова, Уварова ауылдары мен Глубокое кентіндегі өзендердің арнасы тазартылды. Жалпы өткен жылдан бері басталған тасқынның алдын алу шаралары өз ретімен атқарылып келеді.

«Қазгидромет» өкілдерінің болжауынша, алдағы күні тағы да қар жауады. «Сондықтан жағдай бұдан да ушығуы ықтимал», дейді ауыл тұрғындары. Сонымен қатар таулы аймақта қар көшкіні жүруі қаупі де күшейіп, құтқарушылар жолаушыларды сақ болуға шақырады.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы