379,71 406,00 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайлық полицейлер отбасылық жанжалдарға бронды кеудешемен шығатын болды

  • 142
  • UPD: 22:49, 20.01.2020

Бұдан былай қостанайлық тәртіп сақшылары отбасылық жанжалдарға байланысты түскен шақыртуларға бронды кеудешемен шығатын болды.

Бұл туралы Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы мәлімдеді. Өткен демалыс күндері Тобыл қаласындағы қайғылы жағдай осындай шешімге себеп болған. Сол кезде бүтіндей бір жаняұны қаскөйден құтқарған полиция сержанты Дархан Базарбаев қаза тапты. Оны мас күйдегі бұзақы пышақтап тастады. Қазір қылмыскер уақытша ұстау изоляторында отыр. Заң бойынша ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қызметтік борышын атқарудағы ерлігі мен жанқиярлығы үшін марқұм Дархан Базарбаевты III дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттау туралы бүгін Мемлекет басшысының жарлығы шықты. 25 жасында өмірі үзілген Дархан Базарбаевтың соңында әйелі мен төрт айлық баласы қалды.

Алексей Золотаренко, құтқарылған жанұяның отағасы:

- Қылмыскермен екі пәтерлі бір үйде тұрамыз. Ол мас күйінде қонаққа келіп, бізге дөрекі сөздер айтты. Бұл кезде үйде анам, әйелім және кішкентай балам болды. Оны сыртқа шығарғанда арамызда төбелес шықты. Сосын ол «бәріңді өлтіремін» деп үйінен пышақ алуға жүгіріп кеткенде біз есікті жауып, полиция шақырттық. Тәртіп сақшысы есікті ашқанда ол оған пышақ сұғып алды.

Құрмет Мәжікенов, жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:

- Бұл жерде тапаншаны қолдануға болмады. Өйткені қылмыскердің қолында пышақ бар ма жоқ па екенін білмедік. Ол есіктің артында тұрды және тамбурда үш адам мен төрт айлық бала болды. Жеке құрамның командирлері, полиция басқармасының бастықтары енді бронежилетті қолданамыз шақыртуларға. Енді кез келген шақыртуларға бронежилет кидіртеміз.

Хабар 24 телеарнасы