425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда қаланы қардан тазартуға жұмыс қолы жетпей жатыр

  • 547
  • UPD: 22:01, 27.01.2020

Керекуде де жағдай мәз емес. Апта бойы жауған қардан Павлодарды қалың қар басты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Коммуналдық мекемелер орталық көшелердегі ақ ұлпамен алысып әлек.

Ал шеткері аудандарға жұмыс қолы жетпей жатыр. Көп қабатты үйлер мен жеке сектордың маңы қардан сіресіп қалған. Енді жергілікті билік тұрғындардан көмек сұрап, «Біз біргеміз!» челленджін жариялауға мәжбүр.

Жергілікті атқарушы биліктің өтінішіне бірінші болып еріктілер қолдау көрсетті. Олар қолдарына күрек алып, ардагерлер мен жалғыз тұратын зейнеткерлердің үйлерінің айналасын қардан тазартты. Игі бастаманы мемлекеттік органдар іліп әкетті. 

Жайық Хасанов, кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы:

– Біз Малайсары көшесіндегі 39-үйдің қарын күредік. Таңғы сағат 9.30-да келген кезде көліктер өте алмаған. Әрі қарай челленджді Павлодар қаласының әкімдігіне жолдадық.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. «Біз біргеміз!» челленджіне мыңға тарта қала тұрғыны үн қосты. Олардың көмегімен 300 үйдің ауласы қардан тазарып, жолдары ашылды. Бұл – облыс орталығындағы аулалардың үштен бір бөлігі. Жалпықалалық сипатқа ие болған челлендж әлеуметтік нысандарды да айналып өтпеді. Бүгін бұл бастамаға коммерциялық ұйымдар қосылды.

Едіге Әбішев, сауда үйінің әкімшісі:

– Әрбір ұйым бірнеше адамды көмекке жібергені дұрыс деп ойлаймын. Сонда ғана қаланы тезірек ретке келтіреміз.

Қала тазалығына жауап беретін құзырлы мекемелер де қарап отырмаған сыңайлы. Олар кәсіпкерлік субъектілеріне 200-ге тарта ескерту қағаздарын жолдаған. Кейбірі талапты бірден орындаған. Ал оған құлақ аспағандарға айыппұл салуға тура келген.

Нариман Қайырленов, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары:

– Егер қарды шығармай, тек үйіп қойғаны анықталса, бірден ескерту қағаз береміз, қосымша жергілікті полиция қызметіне хабарланады. Бүгінгі күні 15 айыппұл салынды.

Соңғы екі тәулікте облыс орталығынан 25 мың тоннадай қар шығарылған. Қала ішінде 150 арнайы техника, 300-ге тарта адам жұмыс істеп жатыр. Синоптиктердің болжамы бойынша қар әлі бірнеше күн жауып, арты аязға ұласады. Ал «Біз бірземіз» челленджіне кез келген қала тұрғыны қатыса алады.

Авторлары: Қ.Қасиетова, С.Оспанов, А.Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы