379,71 406,00 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жұртқа ақпарат таратпас бұрын оның рас екеніне көз жеткізу керек – ІІМ

  • 231
  • UPD: 20:41, 31.01.2020

Алматы облысында коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан дәрігер қолға түсті. Ол Алматыда 70 адам осы індетті жұқтырды деп, елді дүрліктірген еді. Тәртіп сақшылары өтірік мәлімет берген күдіктіні қамауға алды. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер министрлігі елімізде фейк ақпарат таратушылардың саны жылдан жылға көбейіп келе жатқанын айтады. Былтыр 71 дерек тіркелген екен. Сондықтан отандастарымызға мәліметті көпшілікке жария қылмас бұрын, анық-қанығын анықтап алған дұрыс дейді.

Бұл видео көпшіліктің үрейін ұшырды. Алматыда 70 адам коронавирус жұқтырды деген мәлімет ел арасына тез тарады. Соны уотсап арқылы бір-біріне жапа-тармағай жолдап жатты. 

Осыдан кейін Алматы облысының полицейлерді жұртты дүрліктірген дәрігерді қолға түсірді. Ол жергілікті ауруханалардың бірінде жұмыс істейді екен. Күдікті өз кінәсін мойындап, достарын қорқыту үшін осындай қадамға барғанын айтқан. 

Думан Айтжанов, күдікті:

- Мен өз кінәмді мойындаймын. Алматыда 70 адам коронавирус жұқтырды деп, достарымды қорқытпақ болып айттым. Соны WhatsApp арқылы жіберген едім. Елден кешірім сұраймын.

Көпшіліктен осылай кешірім сұраған күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. 

Серік Күдебаев, Алматы облысы полиция департаментінің бастығы:

- Тексеру iараларының алғашқы сағаттарында видеодағы ер адамның жеке басы анықталды. Ол 1980 жылы туған, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының орталық ауруханасында дәрігер-гинеколог болып жұмыс істейді. Қазір ол ұсталды. Дәрігер жалған ақпаратты тарату фактісін мойындап, шын жүректен өкінетінін айтты. Қазір аудандық полиция басқармасы тергеу іс-шараларының кешенін жүргізіп жатыр. Нәтижесінде қылмыстық іс бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады.

Қазір отандастарымыздың дені ақпараттың анық-қанығын тексермейді. Көбі енжарлық танытады. Сөйтіп, жалған мәліметті бір-біріне жаппай жолдайды. Психологтар мұның соңы өте ауыр жағдайларға алып келуі мүмкін дейді. 

Ержан Мырзабаев, психолог:

– Біздің халқымызда факт-чекинг мәселесі жоқ. Мәселені анықтау, дәлелдеу, қарау. Осыған байланысты бір сауатсыздық бар. Сондықтан әр келген хабарламаға біз өте жиі сене береміз. Қарапайым халыққа тигізетін ең үлкен зияны – вирусқа сеніп, мынадай жерде мынадай дәрі бар, соны алыңыздар дейді. Жүгіріп барады да сол дәрілерді ала бастайды. Ал дәрі шынымен пайдалы ма, зиянды ма, өзіне қауіп төндіруі мүмкін бе, ол жағын ойламайды. 

Бұқарадан өзіміз сұрап білдік. Көбі уотсаптан келетін ақпаратқа сене бермейді. Бірақ арасында ондайға мән беретіндері де бар.

БЛИЦ:

– Неше түрлі хабарлама келеді. Мен ондай хабарламаларды ашпаймын да, ешкімге таратпаймын да.

– Мен өз басым сенбеймін. Мен көзбен көріп, құлақпен естіген соң ғана, өзінің мамандары айтқанда ғана сенемін. 

– Конечно сенемін, сенбегенде қалай? Экстрасенстер де айтып жатыр ғой сондай вирус тарап жатыр деп.   

Елді елең еткізген яки жұрттың үрейін ұшырған ақпараттар тараған кезде мемлекеттік органдар шұғыл әрекет етуі керек. Мамандар сол кезде ғана жалған мәліметтерге тосқауыл қоюға болады дейді. Бәзбіреулер ел арасында іріткі салу үшін немесе кейбір компаниялар өз өнімдерін өткізу үшін – фэйк жаңалықтарды жария қылуға асығады. Бұл ел қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі әбден мүмкін. 

Ержан Мырзабаев, психолог:

- Өтірік жаңалықтардың кең таралу себебі мемлекеттік органдардың дереу осындай хабарлама жасай алмауынан. Мәселен, соңғы кезде бізді дүрліктірген вирусқа байланысты, ұшақ апатына байланысты ақпарат болды. Мемлекеттік органдар бүкіл мәліметті жинап, мәлімдеме жасаймын дегенше, мемлекетке зиян келтіргісі келетін адамдар осындай жалған хабарларды тарата бастайды. Ал адамның санасында бірінші ақпарат кімнен келсе, әрдайым соған сенгіш болады.  

Құзырлы орын өкілдері ақпаратты таратпас бұрын, оның анық-қанығын  анықтап алған дұрыс дейді. Әйтпесе, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы бек мүмкін. 

Нұрділдә Ораз, ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі:

- Жалған ақпаратқа қатысты қылмыстық іс қарастырылған. ҚР ҚК 274-бабы, 2-тармағы бойынша жалған ақпаратты БАҚ және ақпараттық коммуникациялық желілер арқылы таратқандарға қатысты айыппұл, түзету жұмыстары, болмаса 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.  

Қазір елімізде жалған мәлімет таратушылар саны бірте-бірте көбейіп жатыр.  Былтыр 71 дерек тіркелген екен. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 40 процентке артық.

Дастан Сейілханұлы, Нұрғали Мамырбаев, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы