435,54 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында он екі жастағы бала қыз-келіншектерге маникюр жасап жүр

  • 373
  • UPD: 09:05, 09.02.2020

Еңбек етіп жарымжан бауырымды аяғынан тік тұрғызамын. Екібастұз қаласында тұратын он екі жасар Арулат Мұхаметқали алдына осындай мақсат қойып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Ол сән әлемінің қыр-сырын меңгеруге кіріскен.

Кәнігі шеберлер сияқты Арулат та алдымен жұмыс орынын ыңғайлап алады. Қыз-келіншектер оны әлеуметтік желідегі  парақшасы арқылы табады. Жасөспірім үшін батыл шешім дерсіз. Кәсіпке ден қоюына анасының баладан шыға алмай үйде отыруы себеп болыпты.

Арулат Мұхаметқали, Екібастұз қаласының тұрғыны:

– Бізде мүгедек бала бар 6 жаста және кішкентай бөпе бар. Менің анам ешқайда шыға алмайтын. Сол кезде ол шақырған маникюрге. Сол қыз маникюрді жасауды бастағанда мен келіп қарап отырдым. Маған қызық болған еді. Содан мен ойладым, неге менің анам бөтен қызға ақша төлейді. Мен жасай аламын, үйренемін, оқимын. Анама тегін жасаймын.

Тырнақ әрлеуге қызығушылық танытқан Арулатқа ата-анасы үзілді-кесілді қарсы шыққан. Әкесі ер баланың қолы емес десе, анасы көпшіліктің сөзінен қорыққанын жасырмайды.

Сәния Рахимова, Арулат Мұхаметқалидың анасы:

– Ертең балалар саған күледі дедім. Ұл бала еркек болуы керек. Басқа кәсіпті таңда десем, жоқ мама маған осы ұнайды, мен осыны істеймін дейді. Балалар күледі ғой саған десем,  ол мама кейін мен ең танымал, ең жақсы істейтін шебер болған кезде дейді сол кезде көреміз кім кімге күлетінін дейді.

Сәния іштей қарсы болғанымен, Арулаттың көңілін қалдыра алмапты. Шағын несие рәсімдеп, керек-жарағын алып берген.  Жас шеберге бірінші болып осы саланың білікті мамандары назар аударады. Таныса келе оқу курсынан өткізіп, арнайы сертификат та беріпті. 

Айым Қинаятова, Екібастұз қаласының тұрғыны:

– Сапасы да, бағасы да көңілімнен шығады. Бұрын салонға барып, ұзақ  күтетінмін. Енді міне, Арулатқа келетін болдым. Жас болса да өте жақсы жасайды.

Арулат тырнақ әрлеумен күніне бір-екі сағат қана айналысады. Аптасына екі рет футболға барады. Оқу үлгерімі де жаман емес. Ол келешекте кәсіпкер болуды армандайды. Ал тапқан табысын жарымжан бауырының еміне жұмсамақ.

Арулат Мұхаметқали, Екібастұз қаласының тұрғыны:

– Осы баланың жазылғанын қалаймын. Ол жүгіріп кетсін, ойнасын, үйренсін, тыңдасын, оқысын. Ең бастысы, жазылсын. Денсаулығы мықты болсын.

Алты жасар Бекарыс төрт жыл бұрын үшінші қабаттан құлап кеткен.  Мыңнан бір себеп іздеген ата-ана баланы дәрігерлерге қаратып-ақ келеді. Әзірге нәтиже бермепті. Шетелге апарып емдетсек бәлкім жазылып кетер ме еді деп  үміттенеді. Бірақ көп балалы отбасында ондай мүмкіндік жоқ.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы