422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайлық кардиологтар жүрекке ашық операция жасауды көбейтпек

  • 485
  • UPD: 10:49, 10.02.2020

Қостанайлық кардиологтар жүрекке ашық операция жасауды алты есеге ұлғайтуды межелеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл облыстық ауруханаға хирургиялық араласудың бұл түрін жалғастыруға қосымша қаржы бөлінді. Енді науқастар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына бармай-ақ, қажетті емді облыс орталығында қабылдайды.

Бүгінде жүрекке ашық операция жасау құны миллион теңгеден асады. Ал Ғабдірашит Баймағановқа тегін жасалды. Биыл мұндай көмек тағы 300-дей адамға көрсетілмек. 

Юрий Моисеев, облыстық аурухананың бас дәрігері:

– Өткен жылы 60 операция жасалды. Биыл қатарымыз кол арқылы жүрек қақпашаларына операция жасайтын, протез қоя алатын мамандармен толды. Тамырлы хирургияны да дамытып жатырмыз. Қажетті жабдықтар бар.

Жүрек-қан тамырлары дертіне шалдыққандар аурухананың қабылдау бөлімшесінен бірден ангиограциялық зертханаға жеткізіледі. Құрылғы дене күретамырларын түгелдей тексеріп, операцияны пышақсыз жасата алады.

Қайрат Бегенов, кардиохирург:

- Егер жүректің тамырларында аортосклерозды дақтар болса, сонда екі түрмен емделеді. Біреуі стендтау деп аталады. Ешқандай наркоз жасалмайды. Науқас сөйлей береді. Тамырды кеңейтетін құрал кіргізіледі. Егер көп тамырлары зақымдалса, онда ашық түрде операция жасалынады. Науқасты алдын ала зерттеп емдейміз. Операция кезіндегі және операциядан кейінгі асқынулар аз болсын деп.

Нейрохирург дәрігерлер де бүгінде күрделі операцияларды барынша меңгерген. Олардың кәсіби деңгейлері елордалық мамандардан кем түспейді. Жақында ұйқы күретамырына операция жасатқан Күлширан Байкенова пікірі осындай.  

Күлширан Байкенова, емделуші:

– Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы нейрохирургия орталығында болғанымда, дәрігерлер жүрек ауруың бар деп операция жасаудан бас тартты. Ал қостанайлық ақ халатты жандар наркозсыз операцияны сәтті атқарды.

Кардиологиялық, нейрохирургиялық операциядан шыққандар оңалту орталығында қалпына келе алады. Мұнда әр емделушіге сай оңалтудың жекелей бағдарламасы бар. Жыл басынан орталық 28 адамды аяққа тік тұрғызған. 

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы