411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарлық оқушылар тарих пәнін музейде оқып жүр

  • 422
  • UPD: 19:07, 16.02.2020

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын негізге алған павлодарлық ұстаздар білім беру үдерісіне көптеген жаңашылдық енгізді, деп хабарлайды «Хабар 24»

Енді тарих пәні сынып партасында емес, тақырыпқа сай музейде өтеді. Ұстаздар мұндай сабақтар баланың дүниетанымын байыта түсетінін байқаған.

Бесінші сынып оқушылары үшін тарих сабағы Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде өтіп жатыр. Сабақтың тақырыбы ежелгі адамдардың өмірі мен тыныс-тіршілігін қамтиды. Ал музей қорында жәдігерлер мен  тарихи мағлұматтар жетерлік.

Сәуле Әмірова, тарих пәні мұғалімі:

– Рухани Жаңғыру идеясының аясында музейдегі жанды сабақтардың тиімділігі өте зор. Себебі, оқушылар бұл жерде тек қана естіп қоймай, визуалды айғақтар арқылы тарихи жәдігерлерді зерттеу арқылы, ғылыми жұмыс жүргізу арқылы өздерінің жаңағы танымдық қабілеттерін дамытады.

Бұл мектептен тыс жерде өтіп отырған алғашқы сабақ емес. Оқушылар бұған дейін Марғұлан орталығы мен Әскери даңқ музейіндегі сабақтарға қатысқан.

Ілияс Болат, 5-сынып оқушысы:

– Осы сабақтың барысында біз Әлкей Хақанұлы Марғұлан  атындағы археологиялық орталығымен зерттеу жұмысын жүргіздік. Біз ежелгі тас дәуіріндегі жәдігерлермен таныстық. Оның ішінде адамдардың күнделікті өмірде қолданылатын заттарды көзбен көріп, қолмен ұстадық.

Ал спорт мектебінің оқушылары үшін логикалық ойлау мен  талдау жасап үйренудің нәтижесі зор екен. Математика пәнінің мұғалімі Әлия Сұңқарбекова оқушылардың спорттағы жетістіктеріне математикалық сауаттылық  оң әсерін тигізетінін айтады. Жасөспірімдердің төзімділік қасиеті қалыптасады.

Әлия Сұңқарбекова, математика пәні мұғалімі:

– Олардың қабілеттерін, әлеуметтік мәдени дағдыларын дамыта отырып, өзгермелі өмірге бейімделеді. Оқушыларымыз белгілі бір білік-дағдыларын ғана икемдей қоймай алған білімдерін елінің ұлттық байлығын ұқыпты, үнемді пайдалана білуге математикалық әдістерін күнделікті өмірде, тұрмыста, отбасының экономикасында қолдана  білуге тәрбиелеу маңызды екенін ойымыздан шығармауымыз қажет.

Жаңартылған білім мазмұны,  «Рухани жаңғыру». Осы екі ұғымды бір арнаға тоғыстырып, өзара ұштастыра білген  мектеп мұғалімдерінің жаңашыл жобалары жемісін беріп отыр.

Роза Әшімбетова, ұстаздардың білімін жетілдіру орталығы облыстық филиалының жетекшісі:

– Сабақ беруде, балаларды оқытуда көп жаңашылдықтар бар. Олардың бірі осы инновациялық оқыту дегеніміз. Мысалы жаңағы көрсеткен мұғалімдер өз тәжірибесінде, өз күнделікті жұмысында осы инновациялық тәсілдерді қолданып жүр. Өйткені тиімді, тиімділікке жетеді, нәтижелі болып тұр. Балаларға қызықты.

Ертіс өңірінің ұстаздары  педагогикалық панорамалар идеясы байқауында жүлделі орындарға ие болды. Жаңартылған  білім мазмұны жобасы аясында 9 мұғалімнің еңбегі үздік шыққан.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы