431,94 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында 82 жастағы әжей судың ақшасын сұрап келген алаяққа алданып қалған

  • 225
  • UPD: 23:23, 17.02.2020

Жамбыл облысында да өзгенің сөзіне еріп, алданып қалғандар аз емес.

Дені – онлайн несие, жәрдемақы, жұмысқа орналасу немесе баспана алам деп жүріп, сан соғып қалғандар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл басынан бері аймақта алаяқтыққа қатысты 65 дерек тіркелді. Әсіресе, қариялар көп алданған. 

Алаяқ сан соқтырғандардың бірі – Жамбылкүл Есенбаева. 82 жастағы әжей үйіне келген бөгде адамға 20 мың теңгесін ұстатып жіберген. Айтуынша, күдікті бұдан былай судың ақшасын карточка арқылы төлейсің деп сендіріпті. Қария қолына су есептегіш құралды ұстап келген жас жігітке иланып қалдым дейді.

Жамбылкүл Есенбаева, қала тұрғыны:

– Құжат талап етпедім. Сендім. «Светке карточкамен төлейсің ғой, солай төлейсіңдер деді. Карточкаңызды әйелдермен беріп кетеміз деді. Мен шай іш деп жалпылдап жатырмын. Жоқ асығыспын деді. Мені емес, бірталай адамды алдапты. Алданып қалған мен сияқты кәрі-құртаңдар бар екен.

Тұрғындардың дені несие және құжаттарды рәсімдеу және белгісіз шоттарға ақша аудару кезінде алданады. Қылмыскерлер коммерциялық интернет-сайттарды жиі пайдаланады. Жыл басынан бері 17 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Полицейлер қылмыстың осы түрін ашу күрделі деп отыр.

Құндыз Бөгенбаева, облыстық полиция департаментінің ресми өкілі:

– Жұмыс істеу мерзімін тексермей, оған қатысты тұрғындардың, халықтың пікірлерін мұқият зерделемей жатып, ақшаны аударып жатады. Ресей, Украина, АҚШ секілді шет мемлекеттерге ақша аудару арқылы жасалатын интернет алаяқтарды ашу кезінде көптеген қиындық тудырады.

Өткен жылы аймақта 808 алаяқтық дерегі тіркелген. Оның 385-і ғана ашылды. Ал биыл бір жарым айдың өзінде осындай 65 жағдай болып отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан

Хабар 24 телеарнасы