411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтаудағы қоғамдық көліктің 80 проценті ескірген

  • 217
  • UPD: 20:46, 24.02.2020

Ақтаудағы қоғамдық көліктердің 80 проценті ескірген. Қазіргі уақытта қала аумағында бар болғаны 74 автобус жүреді. Басым көпшілігі бұрын қолданыста болған. Оларға тиесілі автопарктер жеке меншікте. Шаһар билігі жағдайды түзету үшін биыл 18 автобус сатып алмақшы. Ал жолақы болса наурыздың бірінен бастап 20 теңгеге өседі. Оған дейін барлық қоғамдық көліктерге электронды ақы қабылдау құралы орнатылуы керек.

Руслан есімді жеке кәсіпкердің жолаушылар тасымалымен айналысып жүргеніне биыл 15 жыл. 2010-2014 жылдары №5 маршрутта, соңғы алты жылдан бері №2 және №4 бағытпен жүретін автобус паркіне жетекшілік етіп келеді. Ол басқаратын серіктестік меншігінде 22 қоғамдық көлік бар. Тоғызы оңтүстік кореялық үлгіде. Оның бесеуі 2017 жылы басқа өңірден сатып алынған. Қалғаны ескірген ресейлік машиналар.

Руслан Ахметәбиев, жолаушы тасымалдаушы компанияның директоры:

- Жаңа автобустың қазіргі құны шамамен 40 млн теңгеден басталады. Бұл біз үшін тым қымбат. Екінші деңгейлі банктер мұндай жобаларды қаржыландыруға құлықсыз. «БРК-Лизинг» арқылы 18 автобус сатып алуға «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлескен жоба бар. Бұл ретте жолақы 80 теңге болады деп корпорация көрсеткен қаржы моделі үмітімізді ақтамайды. Бұл жоба экономикалық тұрғыдан кәсіпкерлер үшін тиімсіз.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Тоқ етерін айтсақ, қаладағы автобус парктерінің қазіргі жағдайы мәз емес. Шығындарды өтеу үшін кәсіпкерлер былтыр көп балалы аналар мен мүгедектердің тегін жүру мүмкіндігін де алып тастады. Мұндай жеңілдікті 13 мыңнан астам қала тұрғыны 9 жыл бойы пайдаланып келді. Енді парк иелерінің атымтай Жомарт болуға шамасы жоқ. Ал жолақының наурыздан бастап 50-ден 70 теңгеге қымбаттайтынын халық біледі ме? Пікірлерін тыңдап көрдік.

- Халықтың оны шамасы көтермейді ғой. Бәрі бензинмен жүрмейді, газбен жүреді. Газ деген 55 теңге. Мысалы, бір семьяда бес баласы бар. Оқиды студент. 40-50 мың айлық алатын адамдарға ол деген не по карману.

- Өз басым менің семьямда бір балам жұмыс жасайды. Бір пенсиямен отырмыз. Алты немерем бар. Ақша ол. Күнде мінесің, мінбей тұрмайсың. Қалаға барасың. Сонымен қалта көтермейді.

- Ну, если они будут в нормальном состоянии этие автобусы, тогда в принципе можно и цену повысить. А такие пазики которые ездят, но это страшно.

Кәсіпкерлер кейбір санаттағы жолаушыларға тегін жүру мүмкіндігін қайтаруға дайын. «Тек бұдан шығатын шығын субсидияланса екен» дейді олар. Заң жүзінде бұл шаруамен қала әкімдігі айналысуы қажет. Алайда бұл мақсатқа бюджеттен қаржы әзірге бөлінген жоқ.

Жетыбай Құбашев, қалалық «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысы:

- Оған қазір субсидия қарастырылуда. Алдымен электронды билетпен жүру басталады, соны кіргіземіз. Одан кейін сол топтағы адамдарға жеке проездной билеттерді шығарып береміз. Біз 70 теңгеге неге көтеріп жатырмыз, бұл жерде кәсіпкерлер қызығушылық танытсын деп. Тасымалдаушылар өздерінің парктерін жаңартады. Сонымен қатар басқа да кәсіпкерлер арасында қызығушылық тудырады.

Түсінгеніміз, І және ІІ-топтағы мүгедектер, Чернобыльге қатысқандар, Ақтау қаласының құрметті азаматтары мен көп балалы аналарға  автобуста тегін жүру мүмкіндігі жуық арада қайтарылуы мүмкін. Ал жолақының енді арзандауы неғайбыл. Осы жексенбіден бастап қоғамдық көлікте жүру құны Мұнайлымен теңеседі, яғни 70 теңге болады. Ал қаладан әлгі ауданға баратындар 95 теңгеден төлеуі керек. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы