412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандағы ұлттар қазақ мемлекетінің мәдени кеңістігін қабыл алуы тиіс – Депутат

  • 343
  • UPD: 21:27, 27.02.2020

Этносаясат жөнінде арнайы сарапшылар кеңесін құру керек. Бұл кеңес ұлтаралық қатынас мәселелерін зерттеп, зерделеп, туындаған мәселелерді шешу жолдарын ұсынады.

Бүгін елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері мен қоғам белсенділері осы мәселені бірлесіп талқылады. 

Түрлі мәселеде дауласуға болар, бірақ жауласуға болмайды. Сенатор Нұртөре Жүсіп осылай дейді. Елдегі әр ұлт өз бетінше өмір сүріп, «тәжік ауылы», «өзбек ауылы» болып бөлінбей, ауызбірлікке ұмтылуы тиіс. Бұл орайда қазақ ұлтының жауапкершілігі өте жоғары. Сондай-ақ «әр өңірде этносаясатпен айналысатын конфликтолог мамандар қажет» дейді Нұртөре Жүсіп. Әйтпесе саясаттанушылар мен жауапты мамандар жағдай әбден ушыққан кезде әрекет ете бастайды.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Кіріктіру мен біріктіру механизмдері іске қосылмай жатыр. Менің ұсыныстарым – Президенттік басқару академиясында және елдегі жетекші оқу орындарында «Конфликтология» факультеті ашылса, артық болмас еді. Екіншіден, қазақ мәдениеті шеңберінде өмір сүру. Қазақстанды мекендеп отырған ұлт пен ұлыс өкілдері қазақ мәдениетін, мемлекеттің мәдени кеңістігін қабыл алуы тиіс.

Сенатор барлық қазақстандықты мәдени құндылықтар негізінде біріктіруді жөн санайды. Абайдың 175 жылдығы сияқты ауқымды шаралар осыған негіз болар еді. Жалпы ашық диалог алаңына жиналғандар тұрақтылықты жоғалтсақ, тәулсіздігімізге қауіп төнеді деген ортақ ой айтты. Сондықтан біртұтастық керек. Сарапшылардың пікірінше, кез келген даудың түпкі себебін терең зерттеу жетіспейді. Ұлтаралық кикілжіңдер туындамас үшін тұрмыстық, әлеуметтік, еңбек қатынасы, қылмыспен күрес саласындағы проблемаларды шешіп алу қажет.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:

-  Жалпы Қордайда болған оқиғалардан сабақ алуымыз керек. Қорытынды жасауымыз керек. Осы туралы нақты тапсырмаларды Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік органдарға нақты тапсырма беріп отыр. Нақты мақсаттар беріп отыр. Негізгі мақсаттардың бірі Қордайдағыдай жағдайлардың қайталанбауын қамтамасыз ету. Осы жағдайларға алып келген себептерді, факторларды жақсылап талқылау керек, сараптау керек, білу керек. 

Қоғам белсенділері этносаралық қатынасты реттеу заңмен бекітілсе дейді. Әйтпесе қолданыстағы құжаттарда көп мәселенің аражігі ажыратылмаған. Яғни мемлекеттің заңына бағыну болса, дауда тумас еді. Сондай-ақ Ассамблеяның жұмысын жетілдіру, өзге елдермен шекаралас аудандарда мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мәселелері көтерілді. Айтылған ұсыныс аз емес. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:

- Арнайы сарапшылар тобын құруды жоспарлап отырмыз. Ол сарапшылар тобы бүгінгі айтылған ұсыныстарды жүйелейді, басқа да ұсыныстар жинайды. Этоносаясатты жетілдіруге байланысты, меморгандардың жұмысын жетілдіруге байланысты нақты ұсыныстарды Президент әкімшілігіне, басқа да құзырлы органдарға береді деп жоспарлап отырмыз.

Бұл жиында бірнеше ұлт пен ұлыстың өкілдері болды. Айтылған ойлардың түйіні мынадай. Қилы кезеңде елімізді паналап келгендерге құшағын ашып, «тамыр» деген қазақ бауырмалдығын жоғалтпаса екен. Ал осы елді «отаным» дейтін өзге ұлт өкілдері сол қазақтың тіліне, дініне құрметпен қараса игі.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы