435,87 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қордайлықтар Алғыс айту күнін қалай атап өтуде

  • 228
  • UPD: 21:53, 29.02.2020

Жамбыл облысында 10 мыңнан астам адам Алғыс айту күніне арналған мерекелік шараға қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар достық дастарханынан дәм татып, концерттік бағдарламаны тамашалады. Білектілер спорттық жарыстарда бақ сынады. Шара жергілікті ұлт пен этнос өкілдерінің береке-бірлігін көрсетті.

Бұл күндері Қордай ауданына қарасты ауылдарда жағдай өзгеше. Таяуда ғана тұрмыстық мәселе түрткі болған дау аяқталып, жергілікті халық Алғыс айту күнін мерекелеуге кіріскен.

Қаракемер, Сортөбе және Масанчи ауылдарында көше аралап, бір-бірін мерекемен құттықтап жүргендер көп. Көрші елді мекендерден құтты қонақтар да келген.

Әджихан Абдуллаев, Әзербайжан этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі:

– Қыз алысып, қыз берісіп, қазақтармен құда болып жүрміз. Түбі түрік халқымыз. Келіндеріміз – қазақтар.

Вангар Воинце, дұңған диаспорасының өкілі:

– Қазақ еліне алғысымды білдіргім келеді. Қазақ тілін Шымкентте үйрендім. Содан кейін Таразда оқып, бітірдім.

Тараздың орталық алаңында да кең дастархан жайылды. Жиылған жұрт әзербайжан, түрік, неміс, орыс және ұйғыр асханасынан дәм татты.

Әр этнос өкілдері ұлттық тағамдарынан бөлек, ән-жырларын да таныстырды. Қиын-қыстау кезеңдерде құшақ жайып, қонақжайлылық көрсеткен қазақ халқына алғыстарын білдірді. Еске салайық, жаппай депортация жылдары елімізге шамамен 800 мың неміс, 100 мың поляк, 18 мың корей және басқа да ұлт өкілдері келген.

Амир Халиков, татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі:

– Татарстаннан келгендерді кезінде бір ауылға жинады. Өзімізді толық қауіпсіз сезіндік. Сондықтан қазақ халқына шын жүректен алғыс білдіреміз. 

Мереке аясында жергілікті тауар өндірушілер жәрмеңке ұйымдастырды. Спорт сүйер қауым шахмат, асық ату, күрес және арқан тартудан сынға түсті. Ал көпшілік назарына ұсынылған концерттік бағдарлама мән-мағынасымен ерекшеленді.

Береке-бірлік салтанат құрған аймақта бейбітшілік құсы ақ көгершін ұшырылып, Қазақстан халқының тату-тәтті тірлігі үлгі етілді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Анастасия Сулейманова, Дастан Сапашев, Бакытжан Бапаев, Руслан Ахатилла

Хабар 24 телеарнасы