405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде жыл басынан бері жеті мың көлік жойылған

  • 502
  • UPD: 21:19, 02.03.2020

Қарағанды облысындағы ескі көліктерді жоятын зауыт жыл басынан бері 7 мыңға жуық тозығы жеткен машинаны утилизациялаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір жұмыс қарқын алып, үш ауысымда, яғни, тәулік бойы жүргізіледі. Сәйкесінше, 24 сағатта 150-200 көлік жойылады. Ел экономикасы мен экологиясына бірдей серпін берген зауыт жайлы келесі сюжетте.

Дәуренбек Бақдәулетұлы, тілші:

- ТМД елдері бойынша теңдесі жоқ зауыттың жұмысы күн жылына қайта қарқын алған. Мына жүк көліктерімен елдің барлық өңірінен ескі көліктер жеткізіледі. Зауыт қызмет еткен 3 жылда 120 мың ескі техниканың көзі жойылған. «Бұл экологиялық ахуалға оң әсерін тигізді», - дейді мамандар. Ірі зауыттың бой көтеруі нәтижесінде бірқатар шағын кәсіпорын шикізатпен қамтылып, ісін жүргізіп отыр.

Лұқман Мажеев, зауыттың өндіріс жөніндегі директоры:

- Қазір пластмастарын алып, Алматыға жібереміз, олар құдықтардың бетіне қақпақ жасайды. Кейін резина өнімдерін Пришахтинскі елді мекеніндегі жаяу жүргінші жасайтындар алады. Осылайша, қайта өңделіп отыр.

Зауыттың жылдық қуаты 50 мың көлікті еңсеруге жетеді. «Қазақстан нарығында тозығы жеткен темір тұлпарлар жеткілікті болғандықтан, шикізат тапшылығы алдағы уақытта болмайды», - дейді кәсіпорынның қаржы директоры. Бұл тұрақты жұмыспен қамтылған 107 адамның жалақысы нарық талабына сай өсіп отырады деген сөз.

Иосифжан Сұранқулов, зауыттың қаржы директоры:

- Көлікті әкеп тапсырғандар 150 мың теңге, ал, жаңа Қазақстанда шығарылған көлік алатындар 300 мың теңге көлемінде сертификат алады. Тіпті жүрмей тұрған көліктерді де басқаша бағалап қабылдай береміз.

Атап өткен жөн, аталмыш зауыт Қарағанды облысының еркін экономикалық аймағында 2017 жылы бой көтерген. Сәйкесінше, кәсіпорынның тиімділігі ескеріліп, барлық салықтардан босатылған. «Бұл мемлекет тарапынан зор қолдаудың белгісі», - дейді зауыттың қаржы жөніндегі басшысы.

Авторлары: Дәуренбек Бақдәулетұлы, Сайлау Игіліков

 

Хабар 24 телеарнасы