423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жат ағымның жетегінде кеткен қарағандылық кәсіпкер барынан айырылды

  • 382
  • UPD: 11:40, 05.03.2020

Қазақстандағы саентология шіркеуінің қызметі соңғы 7 жылдан бері заңсыз болып есептеледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соған қарамастан оның зардабын күні бүгінге дейін тартып келе жатқандар бар. Қарағанды қаласының тұрғыны осы ұйымға басыбайлы кіріп, салдарынан бизнесінен айырылып, 120 мың АҚШ долларын беріп жіберген. Шаңырағы шайқалуға аз қалғанда есін жиған келіншек ештеңесіз қалғанын кеш ұғыныпты. Кейін алаяқтық фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтап қалған.

Қарағандылық Елена Фельк – жалған діннің жетегіне елітіп кеткендердің бірі. Саентологияға о баста қызығушылықпен келген. Алайда ойланбастан от басқанын кеш түсініпті. Бәрі АҚШ-қа барып, тылсым күштің қыр-сырын үйрену үшін 50 мың доллар аударғанда белгілі болады.

Елена Фельк, Қарағанды қаласының тұрғыны:

– Оларға танысым ертіп апарды. Алғаш барғанымда белгісіз тест тапсырдым. Олар маған бас салды, «сіздің аураңыз ерекше, қолыңыздан бәрі келеді» деді. Ол кезде шағын мейрамханам бар, кәсіпкер едім. Соны біліп, мейрамханалар желісін ашасыз, көптен күткен балаң өмірге келеді деп тағы бір кітапты 10 мың долларға сатты. Көзім байланып, бәріне сендім.

Осыдан соң Елена үшін жақындары жатқа айнала бастады. Ол жан дүниесін тек саентологтар түсінеді деп сенді.

Жалпы, бұл діни ағым әлемнің 150 елінде жұмыс істейді. Қазақстанда оның қызметі 2012 жылдан бері заңсыз деп танылды. 

Жанболат Сектай, облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы:

- Саентологтар бізде тыйым салынғаннан кейін де өз қызметін жасырын жүргізгені анықталды. Олар бойынша мәселені қарастыра келе, бұл ұйымның қызметіне тыйым салынған. Қайта тіркеу кезінде саентология қызметі және оған қатысы бар ұйымдар тіркеуден өткен жоқ. Сондағы мамандар олардың діни қызметпен айналыспайтынын айтты.

«Әлемде бейбітшілік орнатамыз» деп ұрандатқан ұйым жүйелі түрде Еленадан қыруар қаржы талап етіп отырған. Ол аздай, қымбат жиһаз керек деп, күйеуіне де несие алдырыпты.

Елена Фельк, Қарағанды қаласының тұрғыны:

– Қасыңа міндетті түрде біреуі еріп жүреді. Қолыңнан ұстап жүреді десем де болады. Бірге банкке барады, қалтаңды қағып біткенше тоқтамайды. Қаншама кәсібін сәтті бастаған адамдардың алданғанын көрдім. Бірақ мұның бәрі сол кезде жөн сияқты көрінді.

Лариса Мациевская, психотерапевт:

– Негізі мұндай ұйымдар психологиялық тұрғыда комплексі бар адамдарды іздейді. Мысалы, балаға зар болып жүргендер балалы болады, қиналып жүргендер жанның рахатын табады дейді. Яғни мінез-құлқына қарай әр адаммен жеке жұмыс жүргізіп отырады. Сіздің ойыңызды, қажеттілігіңізді дөп басып айтып отырғандықтан, қарсы келе алмай қаласыз.  

Қарағандыда соңғы рет осыдан 4 жыл бұрын саентологтардың жасырын қызметі әшкере болған. Сауда үйлерінің бірінде жасырын іс жүргізген олардың мыңға жуық кітабы әшкереленген. Бүгінде теріс пиғылдылардан нақты қанша адам зардап шеккені белгісіз, себебі олар полицияларға шағымданбайды, не болмаса жалған діннің құлақ кесті құлына айналады. Өткен жылы осындай қылмыс үшін Қарағандыда небәрі 2 іс қозғалған.

Жаңатай Сембеков, облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Бұл фактілер бойынша арнайы шаралар қабылданды. Жеке мүлкінің сақтығы бойынша азаматтарға мұқият болуды ұсынамыз. Егер осындай қылмыс құрбаны болсаңыз, жедел полицияға хабарласу керек.

Қылмыс іздері анықталмады деп, Елена Фельктің де ісі жабылыпты. Алайда жеке деректерін жинап, банктің құпия кодтарын тартып алудың барлығы заңға қайшы деп таңданады алданған әйел. Қазір оның шығынының жалпы көлемі 120 мың долларды құрапты.

Дәуренбек Бақдәулетұлы, тілші:

– Қарағандыда 2 жылдан бері деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсететін орталық қызмет етіп келеді. Тек былтырдың өзінде онда 40-қа жуық адам келіп, сабақ алған. Жалған сенім жетегінде кеткендердің бірі қате басқаны үшін отбасынан айырылса, енді бірі қыруар қарызға кірген. Теологтар мен психологтар бұл санаттағы адамдарды қалыпқа келтіру үшін ұзақ мерзімді, тіпті кей жағдайда жылдаған уақыт кететінін айтады.

Авторлары: Дәуренбек Бақдәулетұлы ,Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы