423.81 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордадағы қарттар үйінде «супер апа» анықталды

  • 356
  • UPD: 10:47, 05.03.2020

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында елордада «Супер апа» байқауы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәстүрлі конкурс Көктал-1 ауданындағы Қарттар үйінде ұйымдастырылды. Әжелер «Таныстыру», «Аспаздық жекпе-жек», «Шығармашылық өнер» және «Дефиле» аталымдары бойынша өзара сайысты.

Байқау алдында соңғы дайындық пысықталды. Аздаған қобалжу да жоқ емес. Өйткені қатысушыларымыз патша көңіл көрермен алдындағы жауапкершілікті біледі. Оның үстіне, бұл байқауға алғаш рет қатысып жатқандар бар. Ал осыдан 2 жыл бұрын «Супер апа 2018» атағын алған павлодарлық апамыз Шолпан Иманова әділқазы мүшесі ретінде қатысушыларға сәттілік тілеп, «Құстар әнін» орындап берді.

Басында 10 конкурсант өзін таныстырып, аспаздық сайысқа қатысты. Кейін бар өнерін ортаға салды. Ән айтып, би билеп дефиле көрсетті.

Қатысушылар арасында өмірінің едәуір бөлігін ерлерге тән қызметке арнағандар да бар. Солардың бірі – жасы 90-ға таяған Вера Пономаренко. Ол 20 жыл бойы электр-дәнекерлеуші болып қызмет еткен. Ерен еңбегі үшін арнайы төсбелгімен де марапатталған.

Вера Пономаренко, байқауға қатысушы:

- Дәнекерлеуші болып ерлердің жұмысын істедім. Әрдайым әріптестерімнің арасында сыйлы болдым. Қызым қазір Украинада, ал ұлым Қара Теңіз маңындағы ауылдардың бірінде тұрады. Балаларым мені шақырған, бірақ маған Қарттар үйінде жайлы. Елімізде соғыс болмасын, келе жатқан мереке құтты болсын.

Байқау соңында қатысушыларға гүл беріліп, түрлі аталымдар бойынша марапатталды. Оның ішінде «Көңілді әжей» номинациясы 10-нөмірмен өнер көрсеткен Вера Пономаренкоға бұйырса, «Супер апа 2020» атағы әділқазылар алқасының шешімімен әр сайыста үздік көрінген 1-нөмірлі Лидия Козловаға берілді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы