411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер талқыланды

  • 186
  • UPD: 23:11, 05.03.2020

Тергеушілер қылмыстық істі қарау кезінде қандай мәселелерге тап болады?

Оларды заң шеңберінде қалай шешуге болады?

Еліміздің бірнеше өңірінің құзырлы орган өкілдері Шымкентте бас қосып, Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерді бірлесіп талқылады.

Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар заңға қол қойды. Жаңа заң 2020 жылдың 11 қаңтарынан бастап күшіне енді. Соған сәйкес бірқатар қылмысқа қатысты жаза қатаңдатылды. Мәселен, мал ұрлығы, зорлау, браконьерлік, есірткі тарату, мас күйінде көлік жүргізу енді ауыр қылмысқа жатады.

Серік Ергешов, қалалық ПД басшысының орынбасары:

- Күнделікті іс-тәжірибеде туындаған өзекті мәселелерді ортаға салып, оларды шешу жолын талқылау болып табылады. Елімізде осы күнге дейін заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, реформалар жасалуда. Заңсыздыққа жол бермеуге бағытталған іс-шараларды қолдану қажеттігін осы семинар-кеңесте атап өту.

Семинарға Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының полицейлері мен тергеушілері, прокуратура мен сот өкілдері қатысты. Олар Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерді талқылады. Сонымен қатар тергеушілердің жұмысына кедергі келтіретін өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. Қылмысты анықтап, кінәліні табу. Істі ашып, сотқа жолдағанға дейінгі машақаттар сөз болды.

Дәулеткелді Әбдіраманов, қалалық ПД тергеу басқармасының басшысы:

- Тергеу, анықтау барысында туындаған сұрақтарды дер кезінде, уақытылы шешу. Санкциялағанда әр сағаты, уақыты бар, Қылмыстық кодексте жазылған. Заң бұзушылыққа жол бермей, құжаттарды уақытында толтыру мақсатында осы саладағы проблемаларды шешу үшін жиналып отырмыз.

Отырыста көтерілген мәселелер ІІМ-нің қарауына жолданатын болды. Тергеу департаменті ұйымдастырған екі күндік іс-шара бүгін жасыл алаңда жалғасты. Полицейлер командаға бөлініп, шағын футболдан турнир өткізді. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы