427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Карантин кезінде тамақтану орталықтары қалай жұмыс істейді

  • 670
Карантин кезінде тамақтану орталықтары қалай жұмыс істейді

Бас қала карантинге жабылғалы адам көп жиналатын нысандар жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті қоғамдық тамақтану орталықтарының кестесіне де шектеу қойылды. Есесіне, онлайн-тапсырыс беру қызметінің саудасы қызып тұр.

Қазір қаладағы көп дәмхананың есігі жабық. Олар астаналықтарға онлайн-қызмет көрсетуге көшкен. Дегенмен жұмысын тоқтатпағандары да кездеседі. Тек карантинге байланысты кестелері өзгерген. Ал әдетте ине шаншар орын болмайтын тамақтану орталықтарында қазір келушілер едәуір азайған.

Карантин – кәсіпкерлер қарап жататын уақыт емес. Әсіресе, тағам жеткізу орталықтарының жұмысы қазір жандана түсті. Мәселен, осындай орталықтың қызметкері Азамат Амандықовтың айтуынша, айналдырған бір сағаттың ішінде ол 3 мекенжайға тапсырыс жеткізіп үлгеріпті.

Азамат Амандықов, тағам жеткізу орталығының қызметкері:

- Осыған дейін тапсырыс саны шамамен 15-20 болса, қазір 25-30-ға дейін көбейді. Яғни бір қызметкер өз ауысымында осынша мекенжай бойынша тапсырыс жеткізеді. Бір ауысым дегеніміз, 11-ден 11-ге дейін, яғни 12 сағат.

Қазір тамақтану орындарының жұмысы қалалық Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары қол қойған қаулымен реттеледі. Онда ойын-сауық орталықтарындағы дәмхана, мейрамхана, фудкорт сияқты адам көп жиналатын нысандардың жұмысын тоқтату жөнінде айтылған. Ал қоғамдық тамақтану орындарына сақтық шараларын күшейтіп, күніне кемі екі рет ылғалды тазалау міндеттеледі.   

Айнұр Дәулетбаева, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын қадағалау департаментінің бөлім басшысы:

– ҚР Президентінің қаулысына сәйкес қоғамдық тамақтану орындарында 50 келушіге дейін болу керек. Сонымен қатар 2 метр арақашықтық сақталу керек, жалпы Қазақстан бойынша. Нұр-Сұлтан және Алматыдағы төтенше жағдайға байланысты бірқатар өзгеріс енгізілуі мүмкін.   

Елорда – коронавирус инфекциясы тіркелген еліміздегі үш қаланың бірі. Сондықтан қоғамдық тамақтану орталықтары да алдағы уақытта онлайн-режимге көшуі мүмкін. 

Хабар 24 телеарнасы