435,54 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде дезинфекция жұмыстарына әскерилер тартылды

  • 117
  • UPD: 14:31, 26.03.2020

Ақтөбеде індетке қарсы күрес шаралары күшейтіліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құзырлы мекемелерден өзге, қаланы залалсыздандыру жұмыстарына енді әскерилер де кірісті. Олар тұрғындар көп келетін сауда орындары мен саябақтардың аумағын, әуежай және теміржол вокзалын дезинфекциядан өткізуде.

Біз қазір қала ортасындағы шағын бақтың жанында тұрмыз. Бұл әскери қызметшілердің дезинфекция жұмыстарын жүргізетін орындардың бірі ғана. Бұдан бөлек, қалааралық бағыттарда жүретін автобустар тұрағы мен үлкенді-кішілі базарлар, сауда орындарының аумағы және қозғалысы көп көшелер қамтылады.

Сондай-ақ саябақтар мен аллеяларды да дезинфекциялауға атсалысады. Әсіресе, балалардың ойын алаңдарына баса көңіл бөлуде. Таңертеңгі мезгілден кешке дейін жүргізілетін бұл істі күн сайын 100-ге жуық адам атқармақ. Олардың барлығы да – Қорғаныс министрлігінің арнайы дайындалған әскери қызметшілері. Яғни бұған дейін курстан өтіп, залалсыздандыру ісін терең меңгерген.

Ақтөбеде короновирус инфекциясына қарсы шаралар күшейтіліп келеді.

Қоғамдық көлік аялдамалары, автобустар, күніне мыңдаған жолаушыларды қабылдайтын теміржол вокзалында да қауіпсіздік күшейтілді. Бүгінде тек ішкі рейстерді ғана қабылдайтын әуежайға жолаушылар тіптен кіргізілмейтін болды. Ұшып-қону алаңында-ақ, оларды күтіп алған дәрігерлер әрқайсысының дене қызуын өлшеп, әрі қарай жіті тексеру үшін медицина мекемесіне алып кетеді. Және нақты қортындысы шыққанша азаматтар ешқайда жіберілмейді. Бұл да қабылданған қосымша шара. Ал, көпқабатты баспаналардағы тазалыққа пәтер иелері кооперативінің жетекшілері жауапты. Үйлердің подъездін күнде дезинфекциялап тұрулары керек. Арнайы штабтың бұл нұсқауларын бұлжытпай орындауды бақылау полицияға жүктелген. Мұндай шаралар, өңірде вирус жұқтырған бір науқастан кейін күшейе түсті. Бүгінде оның денсаулығы бірқалыпты дейді дәрігерлер.

Нұрсұлу Беркімбаева, облыстық ТКҚСҚБ департаментінің басшысы:

– Оның шағымы жоқ. Қазіргі таңда өміріне ешқандай қауіп жоқ. Ол кісінің қасында болған төрт адам оқшауланды. Олардың сараптамалары да теріс. Сонымен қатар ұшақта болған 33 адам орталыққа жатқызылуда.

Айта кетейік, қазірде карантиндік госпитальге жатқызылған ондаған адам бар. Бұдан басқа, үй жағдайында 100-ге жуық азамат бақылауға алынған.

Хабар 24 телеарнасы