443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорданың базарындағы санитариялық жағдай көңіл қынжылтады

  • 492
  • UPD: 11:00, 27.03.2020

Қазір елордадағы ірі сауда орындары жұмыс істемейді. Тек азық-түлік сататын базарлар ғана ашық тұр. Халық көп баратын осындай орындарда санитарлық талап сақталып отыр ма? Біздің тілшілеріміз «Шапағат» коммуналдық базарына барып, қазіргі жағдайын көріп қайтты.

Карантин жарияланғаннан кейін базарларда адам аяғы азайған болар деп ойладық. Жоқ, келуші көп. Базардың ауласында азық-түлік сатып тұрғандардың салғырттығы көңіл қынжылтты.

Өздеріңіз көрдіңіздер. Сатушылардың көбі камераны көргеннен кейін ғана бетперде мен қолғабын іздей бастады. Етті, нанды, жемісті жалаң қолмен ұстап, саудасын қыздырып тұр бәрі.

Базардың ішіне кірдік. Мұнда жағдай басқаша. Жабық ғимарат болғасын шығар әр жерде дезинфекциялық сұйықтық қойылған. Бірен-саран болмаса, сатушылардың көбі бетперде тағып, қолғап киіп алған. Ұлжан Тастемірова біраздан бері осы базарда сауда жасайды екен. Барынша сақтануға тырысатынын айтады.

Ұлжан Тастемірова, жеке кәсіпкер:

- Күнделікті осылай, кешке хлорлап кетеміз жан-жағымызды. Әркімнің өзіне денсаулығы керек ғой енді. Любой адам өзі үшін киеді ғой. Бірақ, кәзір масканы жаппай киіп жатыр міне.

Айнұр Оспанова, жеке кәсіпкер:

-  Күнделікті жуамыз, жаямыз, маска ауыстырып тұрамыз, Перчатка екі сағат сайын. Сол. Ия, талап етеді. Екі сағат сайын маска ауыстырыңдар деп. 

Сауда жасап тұрғандар талапты сақтағанымен келушілердің бейқамдығы байқалады. Сеңдей соғылысқан халық қамсыз. Базарға күніне жүздеген адамның келетінін ескерсек, нағыз қауіпті жер осы. 

Базар әкімшілігі де баса-көктеп барғанымызды жақтыра қоймады. Барынша талапты орындап отырмыз деп, өз істеріне шаң жуытпайды. Келушілерге арнап бетпердеге тапсырыс берген екен. Әкімшінің кабинетінде тұрған бетперделерді камераны көрген бойда таратуға көшті.

Қаршыға Байбосынов, базар директоры:

- Сағат сайын есіктерді сүртіп аламыз. Біздің күзетшілер келушілерге бетперде тағу қажеттігін ескертіп тұрады. Дегенмен, бәрін бірдей бақылай алмайсың. Өзіміз бетперде тіктірдік. Соны тегін таратамыз. Күнделікті мониторинг жүргізіп отырмыз.

Директордың айтуынша, карантин басталғалы кейбір саудагер базарда тұрудан бас тартқан. Алайда ондайлар көп емес. Базардағы жағдайды көзімізбен көргеннен кейін, көңіліміз күпті болды. Адамдар өзге түгілі, өзінің де денсаулығын ойламайды екен.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

- Өздеріңіз көргендей, біз коммуналдық базар аралап, жағдайды көріп шықтық. Келушілердің әрбір үшінші, төртіншісі бейқам жүр. Бетперде тақпаған, қолғап кимеген.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы