411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада 450 волонтер күндіз-түні тыным таппай еңбек етуде

  • 202
  • UPD: 15:49, 31.03.2020

Бірі қариялардың дәрі-дәрмегі мен азық-түлігін жеткізіп берсе, екіншісі түн мезгілінде полицияға көмекші болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өрімдей жастар өз басын қауіпке тігіп, өзгелерге көмек беріп жүр. Мұқтаж жандарға бетперде апарып беретін де солар.

«Бәрінен бұрын ата-анамның уайымы күшейді», - дейді Әл-Фараби. Алайда, өзі бұл жұмыстан бас тартпақ емес. Еріктілердің қатарына қаңтар айында келіпті. Содан бері түрлі қайырымдылық шараға, жоспарлы акцияға қатысып жүр. Дегенмен, қазіргі кезеңнің қаупі көп екенін біледі. Барынша сақтанып та жүр.

Әл-Фараби, волонтер:

- Көмек беруге өзімді міндеттімін деп ойлаймын. Бір жағынан, иә, қорқамын. Өйткені ең үлкенімін. Үйде кішкентай балалар бар. Соларға жұқпасын деп. Біз еріктілермен жүргенде азық-түлік корзинасын, медикаменттерді таратқан кезде біз, біріншіден, маска, перчатка, сосын антисептик. Бізге ереже бойынша үйге кіруге болмайды. Сондықтан 1 метр арақашықтық сақтап, ешкімге жұқтырмас үшін сол үйге барған кезде.

Айтуынша, төтенше жағдай кезінде волонтерліктен бас тартып, ойынан айнығандар болмаған. Керісінше, еріктілердің жауапкершілігі күшейіпті. Олардың қызметіне мұқтаж жандар да әртүрлі болады. Бірі алғысын жаудырса, енді бірінің көңілі толмай жатады. Не десек те, өрімдей жастардың қазіргі ісі ерлікпен пара-пар. Әлеуметтік орталықтарға, қарттар мен балалар үйлеріне және басқа да мұқтаж жандарға бөлінген 150 мың бетпердені осы еріктілер таратып жүр. Енді жүкті әйелдерге де беріле бастады. Сондай-ақ қатерлі ісікке шалдыққан жандардың дәрісін жеткізуді өз мойындарына алған.

Дәулет Кәрібек, қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы:

- Қала бойынша 13 мыңдай жүкті әйел болса, 11 мыңнан астам жаман аурумен ауратын адамдар және мүмкіндігі шектеулі 22 мың азамат бар. Олардың бәрін бір күнде қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл жұмыс жүйелі түрде жүретін болады. Біз волонтерлердің көмегімен және жалпы азаматтармен біріксек, осы ауруды жеңеміз деп ойлаймыз.

Күні бүгінге 3 мыңнан астам адамға таратып үлгерген. Әлі мыңдаған адам волонтерлерді күтіп отыр. Жалпы 109 нөмеріне қоңырау шалып, көмек сұраған жандардың керегін апарып беретін 450 волонтер бар. Елдегі ірі автокөлік шығаратын компания еріктілерге 7 жеңіл көлік бөлген. «Бұл да біраз көмек», дейді олар. Еріктілерге күнделікті жұмысқа кіріспес бұрын сақтық ережелері айтылады. Дене қызуларын өлшеп, денсаулықтарын тексереді. Содан кейін өздерін күтіп отырған жандарға көмекке асығады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Мейрамбек Ахмаханова

Хабар 24 телеарнасы