411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавл толықтай карантинге жабылды

  • 236
  • UPD: 13:48, 03.04.2020

Уақыт өткен сайын өршіп бара жатқан коронавирус инфекциясының салдарынан Петропавл қаласында да карантин жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалааралық және облыс орталығындағы қоғамдық көліктердің қозғалысы түбегейлі тоқтатылды. Барыс-келіске де шектеу қойылып отыр.

Самат Қайырденұлы, тілші:

Осыдан екі күн бұрын Петропавлда қосымша шектеу шаралары енгізілген болатын. Бірақ бүгін түнгі сағат 00:00-ден бастап қала толықтай карантинге жабылды. Оған себеп, қауіпті кеселдің жылдам таралуы.

Қазір шаһарда қоғамдық көліктер біржола тоқтады. Көшелерде бұрынғыдай қозғалыс жоқ деп айта аламын. Себебі халық түсіністікпен қарауда. Тек жұмыстарына асыққандарды көруге болады. Бейберекет жүргендерді аса аңғармадық. Дүкендер мен дәріханалар тек сағат 10:00-де ашылып, кешкі 18:00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Зарарсыздандыру жұмыстары күшейді. Ал, облыс орталығына кіретін жолдар түбегейлі жабылған. Қаланы қоршай 6 блок-бекет жұмыс істеп тұр.

Жалпы айта кетейін, қарт азаматтарға дәрі-дәрмек пен қажетті азық-түліктерді волонтерлер жеткізеді. Зейнетақыны «Қазпошта» мамандары таратады. Карантин талаптары қатаң. Егер де карантин режимін бұзып, көшеде себепсіз жүрсеңіз, сізге полиция қызметкері 26 мың теңге көлемінде айыппұл салады немесе бес тәулікке қамауға алады. Сондықтан тәртіпке бағынғанымыз жөн.

Хабар 24 телеарнасы