432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үш облыстағы су тасуы мүмкін аймақтар әуеден бақыланды

  • 440
  • UPD: 23:38, 10.04.2020

Қостанай облысының Қарамырза ауылында 60 үйді қар суы басып қалған еді.

Қазір жағдай оңалып, тек үш баспанада су қайтқан жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төтенше жағдай комитетінің мамандары еліміздің үш облысын аралап, су басу қауіпі бар аудандарға әуеден бақылау жасады.

Күшейтілген карантин құшағындағы елордадан шығуға болатын жалғыз мүмкіндік. Яғни, тікұшақты тізгіндеген құтқарушылар қатарында әуеге көтерілесіз. Әрине, төтенше жағдай қызметерлері көктемде тасқын судан келетін қатерді жақсы біледі. Сондықтан алдын алу шараларын қолға алған маңызды. Себебі, биыл қыста қар жылдағыдан үш есе көп жауды. Тікұшаққа мінгендер сапында Ішкі істер министрінің орынбасары да бар.

Елордада және шаһар айналасында қар суынан келер қауіп сейілді. Тек Талапкер мен Қараөткел ауылдарының кей жерлерінде су деңгейі түсе қойған жоқ. «Бірақ елді мекен бақылауда», - дейді құтқарушылар. Биыл қардан зардап шеккен алғашқы ауыл – Қарамырзада да жағдай тұрақталған. Бұған дейін Қостанай облысында қатты дауыл тұрып, желдің екпіні секундына 30 метрге дейін жетті. Салдарынан Тінтуір өзенінде 30 сантиметрге жететін толқын пайда болып, өзен арнасынан асып кетіп, ауылға жеткен.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Қазір жайылған су сорылды. Енді үш үй қалды. Сіздер мен біздер әуеден бақылау жасап болғанша ол баспаналар да қалпына келетін болады.

Колутон өзені де тасыған жағдайда ернеуінен асуы мүмкін. Себебі, еріген мұздар кептеліп қалған. Төтенше жағдай комитетінің тікұшағы Солтүстік Қазақстан облысына дейін барып, Сергеев су қоймасының жағдайымен танысты. Қазір су мұз құрсауында жатыр.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Сергеев су қоймасындағы мұз әдетте мамыр айында ериді. Көктемнің ерте шығуына байланысты жағдайды толық бақылауға алдық. 20 сәуірге қарай су қоймасындағы қауіп сейіледі.

Қазір Ақмола облысы төтенше жағдай мамандарының назарында тұр. Олармен бірге облыс әкімі де тікұшақпен атышулы Жабай өзенін әуеден бақылады. Асау өзен жыл сайын қауіп тудырады. Жабайдың мінезі, әсіресе, Атбасар қаласының тұрғындарына жақсы таныс. Министр орынбасары мен облыс әкімі алдымен су сорғыш қондырғының жұмысымен танысты. Бұл құрылғы секундына 300 литр су сора алады. Жеке құрам да сапта тұр.

Ермек Маржықпаев, Ақмола облысының әкімі:

- Карантинге байланысты біздің көптеген кәсіпорындарымыз жұмысын тоқтатты. Қазір қызметсіз қалған адамдарды тасқын судың алдын алу шараларына тартып жатырмыз. Олар тарапынан үлкен көмек болып жатыр.

Министрдің орынбасары мен аймақ басшысы Атбасардағы жағдай толық бақылауда екеніне сенімді. Тікұшаққа мінген мамандар жолай өртке тап болды. Судың әлегіне енді даладағы өрт қосылды. Шамамен бір гектар аумақ қызыл жалынға оранған. Кейін өртеген адамдар да анықталды. Мамандар алдын алу шараларының арқасында көптеген ауылдарда су басу қаупі жоқ екенін мәлімдеді. Тек 10 елді мекендегі жағдай күрделі.

Авторлары: Қанат Базылханов, Асхат Ниязов, Азамат Саметов

Хабар 24 телеарнасы