425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда нан тапшылығы болмайды

  • 302
  • UPD: 15:05, 15.04.2020

Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер тізіміндегі ең басында тұратын нан карантин жағдайы енгізілгелі бері Алматыдағы кейбір азық-түлік дүкендерінде кешке қарай тапшы болып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған не себеп? Карантин уақытында қаладағы нан өндірісі қалай жұмыс жасап жатыр. Шикізат қайдан келеді? Бұл сұрақтардың жауабын Алматы қаласынының 70%-ін нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған наубайханада болған тілшіміз Алуа Маханбеттен білейік.

Алуа Маханбет, тілші:

- Қаладағы карантинге қарамастан, нан комбинатының алдындағы дүкенде кезек көп. Жаңа піскен ыстық нан алу үшін кезекте тұруыңыз керек болады. Себебі, бұл дүкенге 5 адамнан артық адам кіргізілмейді. Ал, кіргеннен кейін қолыңызды антисептикпен тазалау шарт.

Дүкен сөрелері әдеттегідей, әлеуметтік наннан бастап тәтті тоқаштарға толы. Себебі, елде төтенше жағдай жарияланып, қала карантинге жабылғанымен нанға, әсіресе, әлеуметтік нанға деген сұраныс азаймаған. Керісінше, алғашқы күндері дүкендерден тапсырыс көп болыпты.

Амандос Кеңесбаев, Нан-тоқаш комбинаты бас директорының орынбасары:

- Карантиннің алғашқы күндерінде адамдарда кішкене үрей болды, түсінбеушілік болды, сол кезде баяғыда, мысалы, 100 бөлке беріп жүрген дүкен, соған халық келіп, 5-10-15 нанан алып кетіп үйіне, сондықтан дүкендерде тез нан бітіп қалып жатты.

Нан комбинаты тәуілігіне 130 тонна нан өнімдерін өндіреді. Оның 60 тоннасы әлеуметтік нан. Былтырғы осы кездегі көрсеткішпен салыстырғанда еш өзгеріс жоқ. Бірақ карантин кезінде тәтті тоқаштарға деген сұраныс азайып, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай қаптамадағы нандарға сұраныс көбейген.

Амандос Кеңесбаев, Нан-тоқаш комбинаты бас директорының орынбасары:

- Магазиндердің барлығы қапталған нанға тапсырыс беріп жатыр. Сондықтан қазір мен сізге айтайын, 55 мың дана нан бізде қапталып, қалаға таратылып жатыр.

«Ақсай-нан» комбинатында 1200-ден астам жұмысшы бар. Бірақ қазір мұнда 900-ге жуық адам еңбек етуде. Сырттан қатынайтындарға арнайы жатақхана беріліпті. Олардың әрқайсысы таңертең және кешке арнайы медициналық тексеруден өтеді. 

Комбинаттың негізгі шикізаты – ұн еліміздің шығысынан әкелінеді. Бірақ бұл өндіріс қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп отырғандықтан, тасымалдауда, яғни. блок-бекеттерде еш кедергі жоқ. Қоймадағы қор да әзірге жеткілікті. Демек, Алматы қаласының тұрғындары нансыз қалмайтыны анық.

Авторлары: Алуа Маханбет, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы