476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Кегендік ең ірі шаруашылық Алматыға жыл сайын 10-15 мың тонна ет жөнелтеді

  • 963
  • UPD: 09:42, 28.04.2020

Өткен жылы Алматы облысына шетелден 9800-ден аса ірі қара әкелінген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның 1600-ге жуығы Кеген ауданына жеткізілді. Таулы аймаққа жерсінген асыл тұқымды ангустар қазір төлдеп жатыр.

Жәлел Имашев жетекшілік ететін шаруашылықтағылар күн жылынып көктем шыққалы мал төлдету науқанына кіріскен. Бүгінгі күнге дейін мың бес жүз бас ірі қараның басым бөлігі бұзаулапты.

Жәлел Имашев, шаруашылық жетекшісі:

– Бұл жұмысты екі кезеңге бөлдік. Мамыр айының соңына дейін 1200 бұзау алсақ деп жоспарлап отырмыз. Былтыр әкелінген ірі қара жазға дейін төлдесе, өзімізде болған 2500 сиыр күзде бұзаулайды. Қолдан ұрықтағаннан кейін 100 пайыз асыл тұқымды бұзау аламыз.

Ангустың өзге ірі қарамен салыстырғанда артықшылығы көп дейді шаруа. Сиырлары өзінің ғана емес, өзге бұзауларды да емізе береді. Төбесі жабылған қалқа болса, жылы қораны қажет етпейді екен. Жылдам салмақ қосатын Зеңгі баба төлінің әрбіріне арнайы чип орнатылған. 

Айгүл Камалиева, шаруашылықтың бас мал дәрігері:

– Бұл – тру тест деген жүйе. Мына жерде чипі көрсетіледі. Ол мемлекеттік нөмірге сәйкестендірілген. Мұнда ірі қараның салмағы жазылады, аталығы, аналығы туралы, сиырдың неше рет бұзаулағаны, қандай екпе жасалғаны енгізіліп отырады. Қысқаша айтқанда, бар мәлімет электронды түрде сақталады.

Кеген ауданының малшылары 50 мың бас ірі қара өсіріп отыр. Жаз жайлап қыс қыстаған шаруалар кейінгі жылдары санмен бірге сапаға ден қоя бастаған. Осы уақытқа дейін аймақтағы екі қожалық асыл тұқымды шаруашылық атағын алса, тағы екеуі шетелден мал әкеліпті. 

Бауыржан Садықов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Бүгінгі таңда СПК «Талас» серіктестігі негізінде Чехия мемлекетінен 60 бас сементал сиыры әкелінді. Биылғы жылы тауарлы сүт фермасының жұмысын ұйымдастыруда. Мемлекет тарапынан бұл жөнінде шетелден әкелген асыл тұқымды малға 225 мыңнан, отандық асыл тұқымды малды сатып алса, 150 мың теңгеден көмек көрсетуде. Сонымен қатар Бөлексаз ауылында РПС 3 мың мал бордақылау алаңымен жұмыс істейді. Былтырғы жылы 200 мың тонна ет экспортқа шығарды.

Аудандағы ең ірі шаруашылық ет өңдеу ісін де жолға қойып, тауарын Алматы нарығына шығарып отыр. Аймақтағы осындай ірілі-ұсақты шаруалар жыл сайын оңтүстік астанаға 10-15 мың тонна ет жөнелтіп, шаһар тұрғындарын таза, табиғи өніммен қамтамасыз етіп келеді. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы