423.81 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысындағы жайылымдық жерге қиыршық тастар заңсыз төгілген

  • 373
  • UPD: 14:33, 30.04.2020

Ертіс өзені бойындағы жайылымда қиыршықтас үйінділерінің пайда болғаны туралы бұған дейін хабарлаған едік.

Бұл туралы арнамызға павлодарлық тұрғындар хабарласып, алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір жағдай сала мамандарының бақылауына алынды. Ерекше қорғалатын аумақтағы жер учаскесін жекеменшік компанияның жалға алуына Орман шаруашылығы комитеті рұқсат бергені анықталды.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Оқиға орнына облыстың табиғат қорғау мекемелерінің мамандары барды. Жағдайға көз жеткізіп, прокуратураға хат жолдады. Олардың айтуынша, жайылымдық жерге қыйыршық тастар заңсыз төгілген. Бұл дерек бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды.

Дархан Исжанов, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары:

- Бұл жерде өсетін ағаштар көміліп қалған. Сонымен қатар жоспарлау орны бар. Қолданыстағы экологиялық заңнамаға сәйкес «Ерекше қорғалатын аумақтар туралы» сілтеме бар. Яғни, белгілі бір жұмыстарды атқаруға тыйым салынған. Жекеменшік компания қоршаған ортаға әсер етуді бағалау жобасын әзірлеп, біздің мекемеге ұсыну керек. Экология департаментіне бұл нысан бойынша құжаттар түскен жоқ.

Ертіс жайылымдағы жұмыстарды «Пик-Тайм» компаниясы қолға алғанын анықтадық. Жекеменшік фирма уақытша айлақ құрып, қиыршықтасты тиеу жұмысын қолға алмақ. Ал жергілікті атқарушы органдар болса, бейхабар болып шықты.

Талғат Бещенбаев, Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы:

- Жер заңсыз берілген деп санаймыз. Себебі, жергілікті атқарушы органдармен бұл жер келісілмеген. Себебі, барлық келісімдер Экология министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы комтитетімен, сонымен қатар аумақтық Ертіс бассейндік иснпекциясымен келісім берілген. Бұл жер ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатады. Бұл жерде рұқсат етілген, рұқсат етілмеген жерлері бар.

Ал, жекеменшік компания шаралардың барлығы заң жүзінде жүргізілгенін жеткізді. Енді қоғамдық тыңдаулар өтіп, кейін экологиялық сараптама жүргізілмек. Компания заңгерінің айтуынша, бұл учаскеде ешқандай құрылыс болмайды. Орталық органның талабы бойынша инертті материал мобильді конвейердің көмегімен тиеледі.

Анатолий Ефремов, жекеменшік компанияның заңгері:

- Ескі көпір арқылы жүк тасымалына тыйым салынған. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті әкімдікке хабарластық. Бүгінде жер учаскесін жалға алуға келісімшарт жасадық, рұқсат құжаттардың барлығы қолымызда. 14 мамырда қоғамдық тыңдаулар өтеді.

2,4 гектар жер Павлодар ауданына қарасты болып шықты. Учаскені жалға алу келісімшарты аудандық жер қатынастары бөлімімен жасалған. Десе де, экологтар қауымында сенімнен күмән басым.

Светлана Могилюк, эколог:

- Қоршаған ортаға қандай зиян келтірмеу үшін қандай шара қолданылды? Құнарлы топырақ пен ағаштарға залал келе ме? Бұл туралы ештеңе білмейміз.

Мамандардың айтуынша, ерекше қорғалатын табиғи аумақта ғылыми-зерттеу, рекреациялық және туристік қызмет атқаруға болады. Бұл нысанның пайда болуы заңды ма әлде заңсыз ба, оны салалық мекеме өкілдері анықтамақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы