429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында жаңа 6 мектеп салынады

  • 349
  • UPD: 14:23, 04.05.2020

Биыл Жамбыл облысында 12 білім нысаны жөнделіп, жаңа 6 мектеп салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осының арқасында өңірдегі апатты, орын тапшылығы бар және үш ауысымды бірқатар білім ошағының мәселесі шешіледі. Сондай-ақ мектептерде жаппай жаңадан әжетханалар орнатылмақ. Қазір аймақта құрылыс жұмыстары  басталып, қарқын алған. 

Қазір барлық білім нысаны қашықтан оқытуға көшуіне байланысты бос тұр. Осы уақытты ұтымды пайдаланып, жаңа оқу жылына дейін мектептерді жөндеп алу жоспарда. Бұл жұмыстарға алғашқы болып Тараз қаласындағы Ғани Мұратбаев мектебі кірісті. Облыстық бюджеттен 266 миллион теңге бөлініп, қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Мұхтар Досмаханұлы, Ғани Мұратбаев атындағы орта мектебінің директоры:

– Мектеп 1962 жылы салынғалы бері күрделі жөндеу көрмегендіктен, қазір тозығы жетіп ескіріп тұр. Сондықтан биылғы күрделі жөндеуді уақытында тапсырып, балаларды қыркүйек айында жаңа мектепте қабылдауға жоспарлап отырмыз.

Жалпы аймақ бойынша қазір 5 апатты, 9 үш ауысымды және 8 орын тапшылығы бар мектеп жұмыс істейді. Биылғы құрылыс-жөндеу жұмыстарының арқасында 3 апатты, 3 үш ауысымды және 3 орын тапшылығы бар мектептің мәселесі шешіледі.

Талғат Жамалов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

– 18 білім беру нысандарының құрылысын жүргіземіз деп отырмыз. Оған 8 млрд-тан астам қаржы қаралған. Бөлініп қойды. Соның алты нысанының құрылысы осы жаңа оқу жылына дейін беріп үлгереміз деп отырмыз. 9 нысанды біз жалпы осы биыл бітіреміз деп отырмыз. Және үш нысан келесі жылға өтпелі болып тұр.

Айта кету керек, облыста 442 мектеп болса, соның 285-не жаңа әжетхана қажет. Биыл жаңа оқу жылына дейін осы білім ошақтарына 100 процент санитарлық тораптар орнату көзделіп отыр. Әзірге бұл мәселе 29 мектепте шешімін тапқан.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы