417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылорда облысында бірқатар кәсіпорынның жұмысы жанданды

  • 431
  • UPD: 15:07, 05.05.2020
Қызылорда облысында бірқатар кәсіпорынның жұмысы жанданды

Қызылорда облысында карантиндік режимді жеңілдетудің екінші кезеңі қолданысқа енді.

Қазіргі таңда «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту жол картасы», «Ауыл – ел бесігі» секілді ірі мемлекеттік бағдарламалар шеңберіндегі жобаларды жүзеге асыратын кәсіпорындар жұмысы жанданды. Мәселен, қаладағы темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауыт 2 айдай тұралап, бүгін өндірістік желіні іске қосты. 130 жұмысшы құрылыс алаңындағы қызметіне қайта кірісіп отыр. Сонымен қатар автосалон, жергілікті типография, тігін шеберханалары, қосалқы автобөлшектер және сантехникалық заттар сататын сауда орталықтары жұмысын бастады. Бұдан бөлек өртке қарсы және күзет құрылғыларына сервистік қызмет көрсету ұйымдары ашылды. Жалпы алғанда 13 мыңдай сырбойылық өз жұмысына кірісіп кетті. Дегенмен карантин талаптары әлі де өз күшінде. Бірқатар қызмет көрсету нысаны ашылмайды. Тұрғындардың жеке көліктерімен жүруі шектелген. Балалар мен егде адамдардың өз еріктерімен көшеге шығуына тыйым салынған.

Наурызбай Байқадамов, облыс әкімінің орынбасары:

– Азық-түлік емес базарлар, жәрмеңкелер жұмысын тоқтатуды жалғастырады. Көтерме сауда азық-түлік сататындарға рұқсат етілген, бірақ онда да дүкендерге жеткізіп беру әдісімен. Қалғандарының жұмыстары шектеулі. Отбасылық дәстүрлі іс-шаралар, той, туған күн, ораза айында ауызашар бәріне тыйым салынған. Көрші-көлеммен жиналып бас қосуға, ағайын арасындағы қарым-қатынасқа барынша шектеу қойылған.

Хабар 24 телеарнасы