432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда 100-ден астам әскери қызметкер марапатталды

  • 439
  • UPD: 14:31, 07.05.2020

Көкшетауда 7 мамыр Отан қорғаушы күні қарсаңында 100-ден астам әскери марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың барлығы – қаладағы 55/10 әскери бөлімінің қызметкерлері мен қатардағы сарбаздары. Себебі олар төтенше жағдай кезінде тек әскери қызметті ғана емес, қоғамдық жұмыстарға да атсалысқан өз ісіне адал азаматтар.

Бұл жолғы салтанатты шара бұрынғыдан ерекше. Себебі ол шағын ғана құрамда өтіп жатыр. Әрі әскерилер де бір-бірінен алшақ тұруы тиіс. Тіпті командирдің өзі сақтық мақсатында, марапатталған қызметкерлердің әдеттегідей қолдарын да қыспайды.  

Әскерге келгеніне 6 айдан енді асқан Абылай Төрекешев Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүргені үшін бөлім командирінің алғыс хатымен марапатталды. Оралдық жас жігіттің айтуынша, сарбаз бәріне дайын болуы тиіс. Себебі қандай жағдай болса да ол ел қорғаны болып қалуы қажет.

Абылай Төрекешев, қатардағы жауынгер:

– Біз қазіргі таңда коронавирусқа байланысты жалпы патрульдік қала ішінде адамдардың маскасыз жүруіне, қылмыстық жағдайлар болмауы үшін, алдын алу үшін қызмет атқарып жатырмыз. Жалпы, Бауыржан Момышұлы атамыздың «елім деп еміреніп, жұртым деп жүгініп» қызмет еткен азаматтардың бірі болу үшін атсалысып жатырмыз. 

Әскери бөлімнің сарбаздары, қоғамдық тыныштықты сақтауға ғана емес, карантин кезінде қаланы дезинфекциялау жұмыстарына да атсалысты. Олар арнайы костюмдермен жабдықталған. Ал көшеде жүрген қатардағы жауынгерлер, қауіпті індеттен қаншалықты сақтандырылған?

Ұлықбек Қараев, 55/10 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

– Әскери бөлімге кірген кезде КПП-да термометрлер мен антисептиктер тұр. Күнде өткен кезде дезинфеция жасалады. Әскери қызметшілер маскалармен қамтамасыз етілген. Біз әскери қызметшілерді қызметтен басқа тыс әскери бөлімнен шығармаймыз. Өйткені, сол коронавирус инфекциясын қадағалау үшін біздің әскери бөлімде ондай нәрсені болдырмау үшін іс-шараларды қабылдап отырмыз.

Полицейлермен бірге қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сарбаздардың күнделікті қызметі де қатерге толы. Мәселен, елімізде төтенше жағдай басталғалы бері аталған әскери бөлімнің сарбаздары 400-ден астам заңбұзушылықты анықтап, 20 шақты қылмыскерді ұстауға атсалысқан. Ал бұл қызмет карантиннен кейін де жалғаса бермек.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы