412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда екі мектептің құрылысы басталды

  • 182
  • UPD: 15:26, 20.05.2020

Маңғыстау өңірі демографиялық өсім жағынан елімізде алдыңғы орында келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл санап бала туу көрсеткішінің артуына байланысты бөбекжай, мектепке сұраныс жоғары. Әсіресе, қаланың солтүстік бөлігінде салынған жаңа шағын ауданның балалары қатынап оқиды. Өз кезегінде оларға жақын тұрған білім беру мекемелерінде орын тапшылығы байқалып отыр. Мәселені шешу үшін шаһар аумағында екі мектептің құрылысы басталды. Таяу жылдары тағы сегіз білім беру кешені мен 11 балабақша салынуы тиіс.

Ақтаудағы 34-шағын ауданда 900 орындық мектептің құрылысы былтыр желтоқсан айында басталды. Бүгінде жұмыстың 35 проценті аяқталған. Құны 2 млрд 125 млн теңгелік жоба келер жылы қолданысқа берілуі керек еді. Мемлекет қаржысының әзірге 900 млн теңгесі игерілген. Биыл жоспар өзгеріп, жұмыс кестесі үш ауысымда жүріп жатыр. Осыған сәйкес құрылысшылар саны көбейген. Осы қарқынмен жаңа оқу жылына дейін мектепті іске қосу көзделіп отыр.

Бексұлтан Ғарифоллаев, учаске бастығы:

– Қазір 150 шақты адам жұмыс жасап жатыр. Әлі де болса қосып жатырмыз құрылыстың жүруіне байланысты. Айына құрылысшылар орташа есеппен 200 мың теңге алады, әртүрлі өзінің саласына қарай. Бірі – 150, бірі – 250 мың алады. 30 процентке дегеніміз біз монолит каркасын бітірдік. Аражабындарын бітірдік. Қазіргі таңда электрика мен сантехникалық жұмыстары жүріп жатыр.

Табиғи өсімнен бөлек, Ақтауға қоныс аударған халық санының көбеюіне байланысты  бөбекжай мен білім беру мекемелеріне сұраныс жыл санап артып келеді. Қазіргі уақытта Шығыс-1 шағын ауданында тағы бір мектеп салынып жатыр. Биылдан қалмай үш білім ордасы қолданысқа берілсе, облыс орталығындағы үш ауысымда оқытатын мектептер саны азаяды.

Светлана Төлебаева, қалалық білім бөлімінің басшысы:

– 34-ші шағын ауданда мектептің құрылысы құрылысы басталды. Қыркүйек айында сол шағын аудандағы балалар мектепке бара алады деп отырмыз. Тұрғындардың сұрауы бойынша Шығыс-1-дегі мектептің құрылысы осы желтоқсан айында бітуі керек. Бұдан басқа тағы да жекеменшік мектеп құрылысы бітіп тұр. Қыркүйек айында жұмысын бастайды деп отырмыз. Бұл мектеп бастауыш сынып оқушыларын қабылдайды.

Қуантарлығы, бұл жобалар құрылысына «Жұмыспен қамту Жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмысшылар тартылуда. Қазір әр құрылыс алаңында ең кемі жүзге жуық адам еңбек етіп жүр. Дені төтенше жағдай кезінде табыс көзінен айырылған жергілікті азаматтар. Алдағы уақытта жаңа шағын аудандарда сыйымдылығы 140, 240 және 300 орындық 11 бөбекжай салынады. Демек, еңбекке ынталы адамға жұмыс та табылады. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы