418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында жыл басынан бері 11 адам суға кетті

  • 191
  • UPD: 23:49, 03.06.2020

Жыл басынан бері Қызылорда облысында 11 адам суға кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның 5-еуі бала. Бұл былтырғыдан 36%-ке көп.

Өзен, көлдерде қайғылы жағдайлардың жиілеуіне не себеп? Жағажайларда қауіпсіздік жағы қаншалықты ескерілген?

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Жуырда «Қызылорда» су арнасына 10 жастағы бала батып кетті. Олар су жағасына достарымен бірге барған. 4-сынып оқушысы суға шомылып жүріп, кенеттен ғайып болды. Жалпы өңірде соңғы бір апта көлемінде осындай 5 қайғылы жағдай болған. Оның үшеуі бала.

Балалар көрінген жерде шомылмауы үшін жағажайлар қолжетімді болуы қажет. Әсіресе, көп балалы аналарға жеңілдік жасалуы керек. «Кемінде 5 баласы бар отбасылар үшін талапқа сай жағажайларда демалу қомақты қаржыны қажет ететіні түсінікті», - дейді қоғам белсенділері.

Ольга Чебакова, «Қызылорда волонтерлері» ҚБ жетекшісі:

- Мектеп жасына дейінгі балаларға демалыс орындарына, жағажайларға ақысыз кіргізуге қолдау жасау керек деп ойлаймыз. Талапқа сай жағажайларды көбейту керек. Бұл ұсынысты облыс әкіміне жеткізгіміз келеді. Оң шешім болады деп ойлаймыз.

800 мыңдай халқы бар өңірде небәрі талапқа сай 3 жағажай жұмыс істейді. Оның екеуі облыс орталығында. Біреуі Шиелі ауданына тиесілі. Тек Қызылорда қаласында биыл тағы бір жағажай ашу жоспарланған.

Алмасбек Есмаханов, қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы:

- Бұл жердегі жоспарымыз Президент паркі қасындағы «Эдельвейс» арнайы су айдыны бар. Сол жерді біз арнайы саяжай демалыс орнын ашсақ деп жоспарлап отырмыз. Құтқару бекетінің тұсында жоспарымыз бар еді. Бірақ ол жер дарияның сағасы болғандықтан, қазір ол жерде жағажай ашу жөнінде шешім жойылды. Ол жерге бірақ арнайы құтқарушылар сол жерде жұмыстарын жүргізеді.

«Суда қаза табу дерегінің жиілеуіне талапқа сай жағажайлардың аздығынан бөлек, көп жағдайда қауіпсіздік ережелерін ескермеу себеп», - дейді төтенше жағдайлар мамандары. Балаларды қараусыз қалдыру, белгіленбеген жерде суға шомылудың соңы қайғылы жағдаймен аяқталып жатады. Рейд шаралары да күнделікті өтіп жатыр.

Саид Молдақараев, облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары:

- 149 рейдтің кезінде 118 адамға ескерту берілді. Сенбі, жексенбі күндері үлкен осындай редтер ұйымдастыру жоспарлануда. Себебі 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығы суға шомылу маусымы болып есептеледі. Соған байланысты полиция департаментінің қызметкерлерімен әкімшілік айыппұл, ескерту жұмыстары жүргізілетін болады.

Әлі алда 3 ай шомылу маусымы бар. Қызылорданың жазы аптап ыстық болатыны белгілі. Демек, суға барып салқындайтындар қатары көбейетіні сөзсіз. Осы ретте мамандар суға түсу ережелерін қатаң сақтауды тағы да ескертті.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев

Хабар 24 телеарнасы